
«Бүгін жұртшылық, кәсіпкерлер және журналистермен бірге экономикаға тың серпін беретін кәсіпорындар мен салынып жатқан нысандарға бардық», - деп жазды СҚО әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бірінші нысан – қағаз өнімдерін шығаратын фабрика. Мұнда құрылыс жұмыстары аяқталуда, жуырда жаңа қондырғыларды орнату басталады. Жобаға 2,5 млрд теңге инвестиция құйылады. 80 жаңа жұмыс орны ашылады. Фабрика 5 мың тонна өнім шығаруды жоспарлап отыр. Бұл елдің кеңсе және гигиеналық қағазға деген қажеттілігінің 16%-н жаба алады.
«Университетімізге салынып жатқан оқу-зертханалық корпусының ғимаратының құрылысын да бақыладық. Жаңа ғимараттың құрылысы биыл аяқталады. Зертханалар ең озық құрал-жабдықтармен жабдықталады. Бұл біздің студенттерге тиісті білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Заманауи үлгідегі ғимараттың ашылуы өңірдегі жоғары білімнің қосымша өсу нүктесіне айналады», - деп жазды облыс әкімі.
Электротехникалық зауыт өңірдегі машина жасау саласының көшбасшысына айналмақ. Жаңа зауытта заманауи еуропалық қондырғылардың көмегімен трансформаторларды жасау процесі көрсетілді. Инвестиция көлемі 10 млрд теңге. Кәсіпорында 100 адам істейді, жыл соңына дейін 200 болады, болашақта еңбеккерлер саны 300-ге жеткізілмек. Биыл 4 мың трансформатор жасап, одан әрі 13 мыңға дейін көбейту жоспарда бар. Сонымен қатар инвестор 6 млрд теңге қаржы тартып, электр қорған қондырғыларын жасайтын тағы бір зауыт салмақ.
Кәсіпорын бос тұрған ғимаратты қалпына келтіріп, өз қызметкерлеріне арналған 40 пәтерлі тұрғын үйге айналдырды. Бұл әлеуметтік жауапты бизнестің жақсы үлгісі. Бүгін зауыт жұмысшылары қоныс тойын тойлады. Оған қоса, инвестор 104 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын да қолға алды. 216 пәтерлік тағы бір көпқабатты үй салу жоспарда бар.