Облыс әкiмi ауылдарды аралап жүр

Облыс әкiмi ауылдарды аралап жүр

«Облысымыздың ауылдарындағы кездесулер жалғасуда. Бүгiн Ясная Поляна ауылында (Тайынша ауданы) тұрғындар жергiлiктi шаруалардың қорытынды есебiн тыңдады. Ясная Поляна ауылдық округiн дамытудың 2022 жылға арналған жоспары анықталып, меморандумға қол қойылды», — деп жазды облыс әкiмi Құмар Ақсақалов әлеуметтiк желiдегi парақшасында.

Жиында «Тайынша Астық» және «Вишневское» серiктестiктерiнiң басшылары ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту бойынша нақты мiндеттемелер алды. Бұл 10 жаңа жұмыс орнын ашу, қызметкерлердiң жалақысын көтеру, үйлердi жылу желiлерiне қосу және саябақты жөндеу. Оған қоса, тыңайтқыштарды дайындайтын цех ашылады. Сондай-ақ, шаруалардың ауыл дүкендерiн төмен бағадағы өз өнiмдерiмен қамтамасыз етуге мүмкiндiгi бар. Бұл тармақ та меморандумға енгiзiледi.

Ясная Поляна ауылдық округiне жыл сайын мемлекеттiк қолдау көрсетiледi. Ауыл iшiлiк жолдар жөнделiп, көшелерге жарықтандыру және ойын алаңдары орнатылды. Вишневка ауылында жаңа мектептiң құрылысы жүрiп жатыр. Ясная Поляна ауылына дейiнгi 53 шақырым жолды жөндеу бойынша екi жылдық жоба жүзеге аса бастайды.