
Бұл жайында әлеуметтік желідегі парақшасында СҚО әкімі Құмар Ақсақалов жазды.
«Бүгін жұртшылықпен бірге «Bio operations» зауытының, шошқа кешенінің және «EMC agro» ет комбинатының жұмысын тексердік. Үш кәсіпорын 2021 жылды оң нәтижемен аяқтап, бюджетке 1 миллиард теңгеге жуық салық пен міндетті төлемдерді аударды», - деп жазды өңір басшысы.
"Bio operations" зауыты өткен жылы 3 мың тонна биоэтанол өндірсе, биыл өндірісті 2,5 есеге өсірмек. Сондай-ақ 6 мың тонна глютен мен 23 мың тонна крахмал өндірілді, олардың көлемі де айтарлықтай ұлғаяды. Бір ғана осы зауытта 500-ден астам адам жұмыс істейді.
Өткен жылы шошқа кешенінің жаңа корпустары салынып, қуаттылығы 50 мыңнан 100 мың басқа дейін өсті. Кешенде 180 адам жұмыс істейді. 200 мың басқа дейін кеңейту жобасы әзірленді. Құрылыс жұмыстары көктемде басталады.
Ет комбинаты 132 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Күніне 1,5 тоннаға дейін шұжық өнімдері мен жартылай фабрикаттар шығарылады. Кәсіпорын өндірісті ұлғайта береді, өйткені импорттық тауарды алмастыру қажет. Бүгінде Қазақстанда шұжық өнімдерімен қамтамасыз ету 68 % құрайды. Яғни, шұжық өнімдерінің 32 % басқа елдерден әкелінеді. Ет өңдеу үлесін көбейту жұмыстары жалғасады.