
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Солтүстiк Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылындағы «Сервис Жарс» ЖШС-нiң ауыл шаруашылығы алқабына барудан басталды. Мемлекет басшысы кәсiпорынға қарасты егiстiк жерлердiң жағдайымен танысып, егiн жинау жұмыстарына пайдаланылатын ауыл шаруашылығы техникаларын көрдi.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы кәсiпорнының жетекшiлерiмен және механизаторлармен әңгiмелесу барысында биылғы Жолдауында бұл сала бойынша тиiстi мiндеттер жүктегенiн еске салды.
– Бiз субсидия саласындағы саясатымызды жетiлдiрiп, реттеуiмiз керек. Аталған мәселеге Жолдауымда арнайы тоқталдым. Бұл жерде бәрi айқын болуы керек. Болашақта субсидиялар мүлдем жойылып, оның орнына пайызы төмен несиелер болады деген пiкiр бар. Алайда, қазiргi уақытта бiз ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге қолдау көрсетуiмiз қажет, — дедi Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев дайын әрi өңделген өнiмнiң, соның iшiнде ұнның экспортқа шығарылу көлемi төмендегенiн атап өтiп, қолайлы тариф саясаты қажет екенiне назар аударды.
– Бiз дәстүрлi түрде Өзбекстан, Түрiкменстан, Ауғанстан елдерiнiң нарығына ұн жеткiземiз. Жалпы Үкiмет, Сауда министрлiгi тарифтi реттеу мәселесiмен нақты айналысуға тиiс. Үкiмет келешекте астыққа экспорт салығын енгiзу мәселесiн көтерiп отыр. Бiрақ, қазiр қалыптасқан ахуалды ескере отырып, бұған әлi ерте деп ойлаймын. Сондықтан тауар өндiрушiлерге, әсiресе ұн шығаратын кәсiпкерлер үшiн субсидия механизмiн қайта iске қосуымыз керек. Бiз қосымша құнының деңгейi жоғары дайын әрi өңделген өнiмдердi экспорттауға тиiспiз, — дедi Президент.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсiп кешенiн озық техникамен қамтамасыз ету қажет екенiне назар аударды.
– Үкiмет ауыл шаруашылығы еңбеккерлерiн осындай техникалармен қамтамасыз етуге көмек беруi керек. Егер заманауи техника болмаса, бiздiң ауыл шаруашылығымыз дамымайды. Бұл — анық дүние. Сондықтан Үкiмет менiң тапсырмам бойынша тиiстi жұмыстарды жалғастырады. Екiншiден, бұл техникалар ауыл шаруашылығы еңбеккерлерiне қол жетiмдi болуы керек. Несиеге қатысты саясат жалғаса бередi. Несие мөлшерi төмен болуы тиiс. Мен бұл мәселеге баса мән беремiн, — дедi Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек Президент өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуы мен агроөнеркәсiп кешенiнiң жағдайы туралы Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақаловтың есебiн тыңдады.
Ақпарат көзі: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-soltustik-kazakstan-oblysyndagy-egin-zhinau-naukanynyn-barysymen-tanysty-78528