
«Бiздiң қаламыз жаңа тенденцияларға ұмтылуы керек. Петропавлдың құрылыс секторына жаңа инвесторлар келуде, жобалар жасалуда, баспана құрылысының қарқыны өсiп келедi. Жалпы, былтыр 48 учаскеде құрылыс жүргiзiлдi. 2021 жылы ондай 56 нүкте болады. Былтыр 24 көп қабатты үй салынса, биыл тағы 23 үй тұрғызылады», — деп жазды СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов әлеуметтiк желiдегi парақшасында.⠀
«Жас өркен», «Береке» шағын аудандары және Уалиханов көшесiнiң бойында құрылыс қызған. Келесi кезекте — «Копай» және «Жағалау» шағын аудандары бар. Елдегi негiзгi құрылысшылардың бiрi — «Базис А» Петропавлға өз инвестициясымен келедi. Алматылық құрылыс компаниясы «Жағалау» шағын ауданында көп қабатты үйлер салуды жоспарлап отыр.⠀
«Астана мен Интернационал көшелерiнiң қиылысында 18 қабатты екi коммерциялық үй салынады. «Көтерме сауда орталығының» басшылығы контейнерлердiң орнына заманауи тұрғын үй кешенiн салуға ниет бiлдiрдi. Құрылыста жаңа тәсiлдер қолданылмақ. Үйлердi жабық екi деңгейлi автотұрақ байланыстырады, оның төбесiнде балалар мен спорт алаңы орналасады. Құрылыс маусымда басталып, 1,5 жылға созылмақ. Жаңа көп қабатты үйлер осы ықшам ауданды дамыту мен жаңартудың бастапқы нүктесi болады», — деп жазды өңiр басшысы.