Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақалов Былғары зауыты кентiнде су басқан аумақты байқап, жергiлiктi тұрғындармен кездестi. Тұрғындар мүлiктердiң өтемақысы мәселесiне қызығушылық бiлдiрдi.
«Бүгiн комиссия жұмысқа кiрiстi, ол барлығын да есепке алады. Барлығы өтелетiн болады. Болашақта өзен арнасын толықтай жабуымыз қажет. Жобалаушыларды шақырып та қойдық. Бөгеттi жуып кетпес үшiн, бетондайтын боламыз. Бөгеттiң ұзындығы ұзартылатын болады»,- дедi өңiр басшысы.
БАҚ өкiлдерiне берген сұхбатында Құмар Ақсақалов өзен арнасына мол су Сергеев су қоймасынан келгенiн атап айтты.
«Бөгеттер нығайтылды, суды барынша ұстап тұру үшiн, үйiндi биiктетiлдi. Бүгiн-ертең су осындай қарқынмен келмейтiн болады. Оны судың деңгейiнен байқап отырмыз. Судың деңгейi көтерiлуiн тоқтатқаннан кейiн, елдi мекенге су кiрген жердi бекiтiп, оның суын бар күшпен сора бастаймыз. Оған барлық техникалар жұмылдырылады. Облыстың барлық жерiнен қосымша техникалар әкелiнедi»,- дедi өңiр басшысы.
Былғары зауыты ауданында 115 тұрғын үйге су кiргенiн, 380 адам қауiпсiз жерге көшiрiлгенiн, 150 адам өздерi эвакуацияланғанын атап айтқан жөн. Қауiпсiздiк шарасына қарамастан 470 адам көшуден бас тартқан, оның 30-ы су кiрген үйлерде қалған.
«Алдыңғыкүнi су 64, кеше 34 сантиметрге көтерiлдi, бүгiн бұл көрсеткiш 15-20 сантиметр ғана болады деп үмiттенiп отырмыз. Судың көлемi өте үлкен, ауқымды. Қазiр бөгет құрылысын қалай жалғастырып, аяқтауды ойластыруымыз керек. Су тасқынының алдын алу мақсатында 60 елдi мекенде 100 шақырымнан астам жер жұмыстары жүргiзiлдi, олар: бөгеттер, жолдар және су ағызатын жыралар. Атқарылған жұмыстардың арқасында 60 елдi мекенде жағдай тұрақты болды»,- дедi Құмар Ақсақалов.