СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтады

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтады

Жеңіс күні қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйінде болып, Сапар Дүйсенов пен Дмитрий Кудиновты алдағы мерекемен құттықтады және ескерткіш сыйлыққа теледидар тарту етті.

Дмитрий Феоктистович 1944 жылы 17 жасында әскерге шақырылды. Қысқамерзімді әскери даярлықтан кейін жас жауынгерді Германиядағы Батыс майданына жіберді. Жеңіс туралы хабарды жолда естігенімен, кеңес жауынгерлері үшін соғыс әлі аяқталған жоқ еді, эшелонды Шығыс майданына қарай аттандырды.

«Соғыс та болды, құрбандар да болды, онсыз болмайды ғой. Онда біз бір айдың ішінде істі бітіріп тастадық. Соғыс тамыз аяында басталып, қыркүйекте аяқталды. Біз Куриль аралдарын азат еттік, сонда 1951 жылға дейін әскери міндетімді атқардым. Сол жылы әскерден босату басталды. Жастардың өздеріне ғана сенуін қалаймын, ал мен жетім қалдым. Өмірді біз өзіміз жасадық»,- дейді майдангер.

Дмитрий Кудинов Брянск облысында туған. Туған деревнясын жау жермен жексен еткеннен кейін, ол Петропавлдағы ағасына қонаққа келіп, осында тұрақтап қалды. Ардагер отыз жыл Куйбышев атындағы зауытта еңбек етті. Зайыбы, тыл еңбеккері Мария Андреевна екеуі екі бала мен үш немерені тәрбиеледі. Қазір отбасында 5 шөбере өсіп келеді.

Өңір басшысы ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың атаулы құттықтауын табыс етті

«Бәрінен бұрын сізге денсаулық тілегім келеді. Біз 72 жыл бойын бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүріп келеміз. Сіз басыңыздан қиын күндерді өткіздіңіз, соғыстан кейін де еңбек еттіңіз. Сізге мықты денсаулық, жетістіктер тілеймін, Сізге атқарған істеріңіз үшін алғыс айтамын»,- деді Құмар Ақсақалов.

Соғыс ардагері сыйлығы мен көңіл бөлгені үшін өңір басшысына ризашылығын білдірді.

Бұдан кейін облыс әкімі Сапар Дүйсеновтің үйіне барды. Ол Есіл ауданындағы Тауағаш ауылында туған. Соғысқа 1942 жылы шақырылыпты. Ардагер Оңтүстік-Батыс майданы құрамында Курск иініндегі шайқасқа қатысқан.

«Мен соғысқа 1942 жылы бардым. Бұл - соғыстың қызып тұрған кезі болатын. Алғашында бізді 1-ші гвардиялық механикаландырылған корпусқа жебірді. Мен екінші взводқа лектім. Сонда Сталинград шайқасына қатыстым, Германиядағы Батыс майданында да болдым. Күні-түні шайқастық. Сөйтіп жүріп, жарақаттанып қалдым»,- дейді Сапар Дүйсенов.

«Сізді Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Сізге Президент атынан құттықтау табыс етемін. Сіздің ерлігіңізге алғыс айтамыз, мықты денсаулық тілейміз. Сіздердің алдарыңызда әрдайым борыштымыз», - деді сыйлықтарды табыс еткен облыс әкімі.

Соғыстан кейін Сапар Дүйсенов Алматыда заң мектебін аяқтап, өзінің саналы ғұмырын прокуратура органдарындағы жұмысқа арнады.