Жеңіс күні Петропавлда Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарды еске түсіру және ардагерлерге құрмет көрсету үшін мыңдаған адам жиналды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов жиналғандарға құттықтау сөз арнады.
«Ондаған жылдар өтіп, ұрпақтар алмасса да, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс ұлттық бірліктің, қаһармандықтың және біздің халқымыздың ерен ерлігінің нышаны болып қала береді. Осы күні біздің халқымыздың жарқын болашағы үшін шайқас алаңынан оралмағандардың алдында басымызды иеміз. Майдан даласында және тылда өз өмірлерімен әлемді фашизмнен азат еткендерге айтар алғысымыз шексіз. Қайсар батырларымыздың өшпес ерлігі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Жалпы мақсатқа біріккен әртүрлі ұлттың және діннің өкілдері бірге иық түйістіре отырып, майдан даласында, окопта бейбітшілік пен өз балаларының болашағы үшін шайқасты. Жеңіс күні — біздің халқымыздың бірлігі мен рухани күшінің нышаны», — деп атап айтты өңір басшысы.
Құмар Іргебайұлы баға жетпейтін мұраны келер ұрпаққа қастерлеп табыс ету — осы заманғы буынның қасиетті борышы екендігін де алға тартты.
«Қанды шайқас батырларының ерлігімен қазақстандық жаңа ұрпақты, өз өңіріміз бен Отанымыздың — Қазақстан Республикасының патриоттарын тәрбиелейміз. Фашизмді жеңген Жеңіске біздің облыс тұрғындарының да қосқан үлесі зор. Соғыстың алғашқы жылдары Солтүстік Қазақстан облысының 90 мыңнан астам үл-қызы қолдарына қару алып, Отан қорғаушылар сапына қосылды. Олардың әрбір екіншісі майданнан қайтып оралған жоқ. Біздің жерлестеріміз Мәскеу мен Сталинград, Курск иініндегі шайқастарға қатысты, өзендерді кесіп өтті. Солтүстікқазақстандықтардан даңқты 314-атқыштар дивизиясы жасақталды. Аталмыш құрама Ленинград құрсауын бұзу, 20-дан астам қаланы және 1000-нан астам елді мекенді азат ету сияқты жауынгерлік жолдан өтті.
Ұлы Отан соғысы батырларының ішінде Солтүстік Қазақстан облысынывң тұрғындары да аз емес екендігін мақтан етеміз. Біздің 55 жерлесіміз Совет Одағының батыры, 11-і Даңқ орденінің толық иегері атанды. 10 мыңдаған жерлесіміз жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталды», — деді облыс әкімі.
Өңір басшысы Жеңіске тыл еңбеккерлерінің де қосқан үлесі зор екендігін баса айтты.
«Уақыт бір орнында тұрмайды. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын ардагерлеріміздің қатары сиреп, азая түсуде. Олардың ерлігін, антына адалдығын және Отанына шынайы берілгендігін өз жүрегімізде сақтауға міндеттіміз. Ардагерлерімізге барынша көңіл бөліп, қамқорлық жасау — біздің қасиетті борышымыз», — деді облыс әкімі.
Содан кейін Құмар Ақсақалов ардагерлермен бірге «Мәңгілік алау» мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Балалар мен ересектер де майдан даласынан оралмаған боздақтарға арнап гүл шоқтарын қойды.
Бір минут үнсіздіктен кейін соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері жастар мен қала тұрғындары ұйымдастырған жанды дәлізбен жүріп өтті. Соғыс батырларын олар қошаметпен және гүлмен қарсы алды. Мерекелік шеруді ҚР Үлттық Ұланы Әскери институтының курсанттары «Жеңіс әнімен» жалғастырды. Олардың соңынан әкелерінің, аталарының және ұлы аталарының портреттерін ұстаған «Өлмейтін полк» акциясына қатысушылар өтті. Мерекелік шеруді «Салют,Победа!» автошеруі тұйықтады.
Шара театрландырылған көрініспен және «Ерлік ғасырларға жалғасады» мерекелік концертімен жалғасты. Осы театр алаңында майдан ботқасынан дәм татқысы келетіндер үшін әскери-далалық асхана ұйымдастырылды.
Жеңіс бағында Құмар Ақсақалов ардагерлермен бірге Жеңіс ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Орталық саябақтың гүлзарында қонақтар көрме жәдігерлерімен, майдан миниатюраларымен танысты, сол сияқты шағын спектакль мен әскери жылдардың әндерін тамашалады.