
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары — Ауыл шаруашылығы министрi Асқар Мырзахметовтiң Солтүстiк Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында әкiмдiктiң мәжiлiс залында үстiмiздегi көктемгi-дала жұмыстарын өткiзу және ауыл шаруашылығы дақылдарының егiстiк алқабын әртараптандыру мәселесiне арналған кеңес өттi.
Күн тәртiбiндегi мәселелердi талқылауға Қостанай және Ақмола облыстарының өкiлдерi, ауцдандардың әкiмдерi, аумақтық, облыстық және аудандық ведомстволардың, «ҚазАгро» АҚ-ның еншiлес кәсiпорындары филиалдары мен агроқұрылымдардың басшылары қатысты.
Кеңестi ашқан Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы саласында терiскей өңiрлерге зор үмiт артып отырғанын атап айтты. Қолда бар қорлар егу науқанын сапалы және дер кезiнде атқаруға мүмкiндiк бередi. Биыл Қызылжар өңiрi 4 млн. 200 мың гектар алқапқа дән сiңiргелi отыр.
«Бiз биыл майлы дақылдар алқабын көбейтуге ерекше назар аудардық. Оны 712 мың гектарға жеткiздiк. Дәндiбұршақты дақылдар алқабы да көбейдi. Қазiргi кезде жерiмiз Қазақстан бойынша ең құнарлы болғандықтан, оның қайтарылымдылығын арттыру мiндетiн қойып отырмыз. Бiз дүние жүзiнде ең iрi аграрлық экспорттық өнiм өндiрушiлердiң бiрi бола аламыз, қазiр бiздiң өңiр осы үшiн жұмыс iстеп жатыр — РФ-ның көршi Түмен, Омбi, Қорған облыстарымен ынтымақтастық орнатып, өз өнiмдерiмiздi өткiзiп жатырмыз. Оларда 6,5 млн.-дай адам тұрады, бұл — бiздiң экспорттық әлеуетiмiз. Әзiрше өнген өнiмдi аз ұқсатып жатырмыз: еттi 50, сүттi 20 пайыздай ғана, ол жеткiлiксiз. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 145 ауыл шаруашылығы кооперативi құрылатын болады, қазiр осы бағытта жұмыс iстеудемiз»,- дедi өңiр басшысы.
Бұдан кейiн ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi Егiн шаруашылығы департаментiнiң диоекторы Ажар Қаджыбекова сөз сөйледi. Оның айтуынша, Солтүстiк Қазақстанда аграрлық сала жақсы дамып келедi, кей сәттерде көршi Қостанай және Ақмола облыстарынан да асып түсуде.
«Ақмола, Солтүстiк Қазақстан және Қостанай облыстары бойынша бiзде меморандум жасалған, оның орындалып жатқаны — жақсы көрсеткiш. Майлы дақылдар алқабы 106 мың гектарға көбейедi. Себу науқаны өткен жылға қарағанда ұйымшылдықпен жүргiзiлуде, ол жақсы нышан, себебi дәндi дақылдардың 80, майлы дақылдардың 60 пайызы солтүстiк өңiрлерде себiледi. Бiз бұл жұмысты тиiстi кезеңде аяқтауға тиiспiз. Биыл ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлердiң кредит бойынша сыйақысы 6 пайызды құрайды»,- дедi Ажар Қаджыбекова.
Бүгiнгi кұнi Солтүстiк Қазақстан облысында жаздық егiс 2 млн. 113 мың гектарға себiлдi. Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Айдарбек Сапаров осы жайында ақпарат бердi.
Айдарбек Сейпiлұлы жердiң құнарлылығын сақтау және минералды тыңайтқыштар қолданып егiн шығымдылығын арттыру маңызды факторлардың бiрi екендiгiн, олар ауыл шаруашылығы өндiрiсiн рентабельдi жүргiзуге және жердiң жоғары құнарлылығын сақтауға мүмкiндiк беретiндiгiн тiлге тиек еттi.
«Облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлер 94 мың тонна көлемiнде минарвлдық тыңайтқыш алуға келiсiм жасады. Бүгiнгi күнi зауыттарға 59 мың тонна тыңайтқыштың төлемi төлендi, 44,4 мың тонна шаруашылықтарға жөнелтiлдi. «Қазфосфат» ЖШС-мен 49,1 мың тоннаға келiсiм жасалды. Осы күнге дейiн 404 мың гектар алқапқа 24 мың тонна тыңайтқыш сiңiрiлдi»,- дедi облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары.
Кеңес барысында Қостанай облысы әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов пен Ақмола облысы әкiмiнiң орынбасары Егор Каппель өз ойларын ортаға салды. Көршi өңiрлердiң өкiлдерi өздерiндегi көктемгi науқанның барысы, қара мал сатып алу мен өндiрiстi ұлғайту жайында сөз қозғап, солтүстiкқазақстандық әрiптестерiне көктемгi себу мен орақ науқандарын сәттi аяқтау үшiн жақсы ауа райын тiледi.
Қызылжар өңiрiнiң агроқұрылым басшылары сөйлегеннен кейiн Асқар Мырзахметов ауыл шаруашылығы кооперативтерiн ұйымдастыру және демеуқаржы алуға, сол сияқты кәсiпорындарда электронды есеп жүргiзiге байланысты сауалдар қойды.
«Электронды есеп бойынша проблемалар бар, әзiрше, барлығы даяр емес. Әлi барлығында қажеттi домендер жоқ. Оның барлығы бiрқатар себептер мен жағдайларға байланысты. Сондықтан оны 2018 жылдың 1 қаңтарына дейiн қоя тұруды шештiк. Осы шешiмдi қабылдаған кезде, 1 қаңтарға дейiн байқап көремiз дегенбiз, содан кейiн келесi жылы толық көлемде енгiзетiн боламыз»,- дедi Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары — Ауыл шаруашылығы министрi Асқар Мырзахметов.
Кеңестiң соңында өңiр басшысы Құмар Ақсақалов барлық қатысушыларға мазмұнды ойлары үшiн ризашылығын бiлдiрдi.