
«Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев Солтүстiк Қазақстан облысындағы жұмыс сапарын Бескөл ауылындағы «Радуга» ЖШС-дан бастады. Кәсiпорын пластмассадан 200-дей өнiм түрлерiн шығарады. Одан басқа, осында полиэтилендi өңдеумен, кептiргiш, өтектеу тақталарын жасаумен айналысады.
Компанияның басшысы Дмитрий Шарапаевтың айтуына қарағанда, жаңа еуропалық технологияны пайдаланудың арқасында жоғары сапалы өнiм шығарылады. Сонымен бiрге 30 пайыздық демеуқаржының арқасында тез даярланатын салма әзiрлеуге арналған жаңа зауыт салынды.
«Егер ақшамен есептейтiн болсақ, бiр айда 140 миллион теңгенiң салмасын шығарамыз. Өзiмiзде шығарғанның барлығын сатамыз. Қоймаға жұмыс iстемеймiз. Батыстан басқа, Қазақстан бойынша филиалдарымыз бар, сауда нүктелерi арқылы өнiмдерiмiз Алматы мен Астанада, Шымкентте саудаға шығарылады. Ресейдiң Омбы, Екатеринбург, Челябi, Новосибир қалаларына да сатамыз», — дейдi Дмитрий Анатольевич.
Содан кейiн жұмыс сапары аясында Кәсiпкерлер палатасының филиалында облыс әкiмi Құмар Ақсақаловтың қатысуымен Өңiрлiк кәсiпкерлер кеңесiнiң отырысы өттi.
Кездесудi ашқан Тимур Құлыбаев «Атамекеннiң» басты мiндетi — кәсiпкерлiктiң жаппай дамуына қолдау көрсету екенiн атап айтты
«Атамекен» ұлттық палатасы ретiнде 3 жылдан берi жұмыс iстеп келе жатқанымызды сiздер бiлесiздер. Осы үш жыл iшiнде барлық мемлекеттiк органдармен, Үкiметпен, құқық қорғау органдарымен, Қазақстан Республикасының Парламентiмен толық мәнiнде диалог өткiзiп үлгердiк. Кәсiпкерлердiң өз құқықтарын қорғау мүмкiндiгiн иеленуi, мемлекеттен қолдау алу, аумақта мемлекеттiк органдардан қажеттi рұқсатты алу үшiн өңiрлiк деңгейде диалог жасадық. Сол арқылы тиiмдi жұмыс iстеуге, жұмыс орындарын ашуға, кәсiпкерлiктi дамытуға ұмтылудамыз», — дедi Тимур Құлыбаев.
Өз сөзiнде «Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев «Өңiрлiк даму картасына» ерекше назар аударды. Тимур Құлыбаев оны жүзеге асыру кезiнде облыстың әлеуетiн есепке алу керектiгiн атап айтты.
«Қалай көмектесетiндiгiмiздi бiлу үшiн, әр кәсiпорынмен жұмыс iстеуiмiз керек. Егер кәсiпорын жаңғыруға бет алса, техникалық негiздемесiне, инфрақұрылым жасауына көмектесуiмiз керек. 2017 жылы iске қосылатын жобаларды мен Картадан қарадым. Әрине, бiз бұл тiзiмдi кеңейте аламыз. Ең негiзгiсi ол жобалар мұқият әзiрленген болуы тиiс, бұл нысанға инфрақұрылым тартуға болатындығын әкiмдiктер бiлуге тиiс, яғн әкiмдiктер қолдайтын нақты жобалар болуы керек. Сонда бiз өңiрдiң өзiндiк ерекшелiгiн,облыстың кадрлық әлеуетiн ескере келiп, Өңiрлiк даму картасын орталық органдардың, қаржылық құрылымдардың алдында қорғайтын боламыз», — дедi Тимур Құлыбаев.
Солтүстiк Қазақстан облысындағы кәсiпкерлiктi қолдаудың перспективалы бағыттары туралы өңiрлiк кәсiпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов айтып бердi.
«2016 жылы Палата мен оның филиалдарына кәсiпкерлерден 3,5 мыңнан астам өтiнiш түстi, оның 312-сi — бизнестi қорғау желiсi бойынша, оның 264-i нәтижелi шешiлдi. Сомасы 364 млн. теңгеден астам бизнестiң мүддесi қорғалды.
2017 жылдың 1-тоқсанында 88 өтiнiш түсiп, сомасы 81,1 млн. теңге болатын 54 өтiнiш нәтижелi шешiмiн тапты», — дедi Тұрар Ысқақов.
Одан кейiн сөз сөйлеген облыс әкiмi Құмар Ақсақалов өңiрде шағын және орта бизнестiң 28 мыңнан астам кәсiпкерлiк субьектiсi жұмыс iстеп жатқандығын, онда 100 мыңнан астам адам еңбек ететiндiгiн алға тартты.
«Соңғы бес жылда өнiм шығару 269 млрд. теңгеден 385 млрд. теңгеге дейiн өстi. Алайда шағын және орта бизнестiң өңiрлiк жалпы өнiмдегi үлесi 25 пайыздан 24 пайызға дейiн азайды. Оған 2015 жылғы рубльдiң құнсыздануы әсер еттi. Соңғы бес жылда облыс бюджетiне кәсiпкерлiк субьектiлерден салық түсiмi 29-дан 50 млрд. теңгеге дейiн өстi», — дедi облыс әкiмi.
Өңiр басшысы iскерлiк ахуалды зерттеудiң қорытындысы бойынша, СҚО 2015 жылы 15-орында болса, 2016 жылы 16-орынға түскенiн, мұндай көрсеткiш жергiлiктi атқарушы органдар тарапынан аталмыш мәселенi түбегейлi қайта қарауы қажеттiгiн атап айтты.
Кәсiпкерлерге жүргiзiлген сауалнама дерегi бойынша, ауылдық жерлерде жер учаскелерiн алу, қаржы қорларына қол жеткiзу, жылу және электр желiлерiне қосылу шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн қиындық туғызатындығын көрсеттi. Құжаттарды қарау мерзiмiнiң ұзақтығы мен бюрократизм терiс бағалануда.
Облыс әкiмi проблемалы сәттердi шешу үшiн қолданылған шараларды атап айтты. Ол, бiрiншi кезекте, бос жер учаскелерi туралы ашық ақпаратты қамтамасыз ету және оларды саудаға шығару. Сонымен бiрге ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен микроқаржылық ұйымдар арқылы Құнарлы жұмыспен қамту және жаппай кәсiпкерлiктi дамыту бағдарламасы аясында ауылдық жерлерге қаржылық құралдарды бағыттау жоспарлануда.
«Өңiрде бизнеспен тура диалогты қамтамасыз ету үшiн инвесторларға «investinsko»бiрыңғай порталы әзiрленген, оған бос қуаттылықтар мен коммуникацияларға қосылудың ықтимал нүктелерi туралы толық ақпараттар орналастырылатын болады. Портал аясында менiң блогым ашылады, сол арқылы кәсiпкерлердiң өтiнiшiн бiлiп, iскерлiк ахуалды жақсарту үшiн жағдайды бақылап отыратын боламын», — дедi өңiр басшысы.
Кеңес барысында өңiрдегi кәсiпкерлiктi дамыту, отандық тауар өндiрушiлердi қолдау, экспортқа бағдарланған өндiрiстердi құрудың маңыздылығы, ауыл шаруашылығын дамыту және бизнес субъектiнiң басқа да мәселелерi жан-жақты талқыланды.