
Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлiк мектебiнде болды. Бiрiншi кезекте өңiр басшысы облыс орталығының шығармашыл жастары өкiлдерi авторы болып табылатын көрмемен танысты. Бұдан басқа, мектеп оқушылары облыс әкiмiне құлтемiр техникасы мен ғылыми-зерттеулер саласындағы өз жұмыстарын көрсеттi.
Содан кейiн өңiр басшысы студенттермен, жас белсендiлермен, кәсiпкерлермен, мамандармен және қоғамдық жұмысқа қатысушылармен кездестi. Құмар Ақсақалов мемлекетiмiздiң болашағы қазiргi жастардың қалай қалыптасқандығына, қалай өскенiне байланысты екендiгiн атап айтты. Бұдан басқа кездесуде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесiне қатысатын волонтерлер де болды.
«Бұл — бұрынғы кеңес дәуiрi кезiндегi елдерде, Орта Азия мемлекеттерi аумағында болмаған оқиға. Қазақстан бiрiншi рет осындай шара өткiзгелi отыр. Бұл өз елiмiздi көрсетуге, инвесторлар тартуға жасалып отырған тағы бiр мүмкiндiк. Бой көтерген құрылыстардың, абаттандырулардың барлығы шара өткiзу үшiн ғана iстелiп жатқан жоқ. Бiздiң алдымызда ауқымды мiндеттер тұр. Бiздiң елiмiзге келетiн туристер, қонақтар, кәсiпкерлер, бизнесмендер өздерi үшiн жаңалық ашып, келiссөздер нәтижесiнде ғылыми үлгiге айналады, «ЭКСПО» аясында бизнеске, iскерлiк кездесулерге ұласады. «ЭКСПО» арқылы өзiмiздi тағы бiр қырымыздан таныту бiз үшiн маңызды. Таяу күндерi бiздiң 100 волонтерiмiз көрмеге аттанады. Бүгiн бiз оларды ресми түрде шығарып салғалы отырмыз. Бiздiң облыстың атынан бару — сiздер үшiн мол құрмет. Сiздер қонақтармен кездесiп, бiздiң Солтүстiк Қазақстан облысы жайлы айтатын боласыңдар. Бiздiң өңiрдiң арьықшылығы жайлы айта отырып, сiздердiң де инвесторлар тартуға мүмкiндiктерiңiз бар. Соған үйрену керек. Бiздiң елiмiздi насихаттауға барлық мүмкiндiктi пайдалану қажет», — дедi Құмар iргебайұлы «ЭКСПО» волонтерлерiне арнаған үндеуiнде.
Жастармен кездесу кезiнде Құмар Ақсақалов Петропавлда Оқушылар сарайы салынатындығы жөнiндегi жаңалықты жайып салды.
«Биыл Петропавлда өз балаларымыз үшiн Оқушылар сарайы құрылысын қолға аламыз. Ол барлық талаптарға жауап беретiн, барлық IТ-технологиясы қойылатын қаладағы заманауи супер ғимарат болады. Ондағы бiлiм беру, ойын-сауық, танымдық, құлтемiр техникасы, нанотехнология, биотехнология, медициналық технология және т.б. — барлық деңгейлегi балаларға арналады. Бiздiң балалар суперзаманауи жабдықтармен жарақтанған алаңдарды пайдаланатын болады. Бұл сарай бiр жарым жылдың iшiнде салынады», — дедi облыс әкiмi.
Сонымен бiрге облыс әкiмi жастарға облыс орталығындағы көне бақты жобалауға қатысуға ұсыныс жасады.
«Петропавл қаласының ортасында бақ бар. Соны жобалауға қатысуға шақырамын. Бұл бақ жастар үшiн болсын десеңiздер, бiз қаржы бөлуге әзiрмiз. Оның қалай болу керектiгi, қалай елестететiндерiңiз жөнiнде жобалар ұсыныңыздар. Бiз ертең-ақ қала әкiмiнде жиналып, сiздердiң ұсыныстарыңызды еститiн, мiндеттi түрде есепке алатын боламыз. Қандай спорттық тренажерлер, веложолдар, ойын-сауық пен демалыс орындары — бәрi сiздердiң қолдарыңызбен жасалуы керек. Қиялдаңыздар, ол бiздiң емес, сiздердiң ойларыңыз болсын», — дедi балаларға Құмар Ақсақалов.
Кездесу барысында облыс әкiмi кәсiби-техникалық мекемелердiң студенттерi, шығармашыл балалар ақша табу мүмкiндiгiне ие болу үшiн жағдай жасау қажеттiгiне назар аударды.
«Бүгiн бiз жақсы жұмыстарды, картиналарды көрдiк. Осындай жұмыс атқарған балалар оны сата алмайды деп бiз оларға неге шектеу қоямыз? Ол дұрыс емес. Балалар өз идеяларын жүзеге асыруы, оларды сату мүмкiндiгiн иеленуi үшiн қажеттi жағдайларды жасаймыз. Болашақта кез келген адам бизнеспен айналысатындай болуы керек. Мектептен шыққаннан кейiн адам көп нәрсенi бiлуi қажет. Бағдарламалар бизнестiң әлiппесiн балалардың бiлуiне мүмкiндiк беруi керек. Бүгiнгi күнi бiзде 2 мыңнан астам жас кәсiпкер бар. Олардың саны одан да көп болар едi. Ең мықты шешiмдердi күтемiз. Жаңа бастаған кәсiкерлердiң идеяларын қолдауға, оларын жүзеге асыруға бiз әзiрмiз», — дедi облыс әкiмi.
Өңiр басшысымен кездесу кезiнде WBA мен IBO тұжырымдары бойынша бокстан әлем чемпионы Жанат Жақиянов, М. Жұмабаев ауданындағы Октябрь орта мектебiнiң ағылшын тiлi пәнiнiң мұғалiмi Әсемгүл Жұмабаева, «ЭКСПО» үшiн қосымша әзiрлеген Төлеген Нұржан сынды әр саладан шыққан жастар өз ойларын ортаға салды.
«Павлодарда «ЭКСПО-2017 -гид» тақырыбында республикалық жарыс өттi. Оған бiздiң университетiмiздiң командасы да қатысты. Бiз 24 сағатта ұшқыр қосымша әзiрлеп, 1-орын алдық. Қазiргi уақытта оны әрi қарай жылжытуды, дамытуды ойластырып жатырмыз. Келушiлер үшiн аталмыш қосымшаны әзiрлеу және шығару туралы «Астана — ЭКСПО» Ұлттық компаниясына ұсыныс жiбердiк. Бұл ұсыныс шаралар туралы барлық ақпараттарды оңай алуға және оны әрдайым қалтаға салып жүруге мүмкiндiк берер едi. Болашақта бiз компьютерлiк шұғыл және ойын қосымшаларын дамытуды жалғастыруды жоспарлап отырмыз», — дедi Төлеген Нұржан.
Сол сияқты ұлттық киiмдер тiгу жөнiндегi ательенiң жетекшiсi Жұлдызай Нұрышева, Есiл аудандық өлкетану мұражайының экскурсия жүргiзушiсi Инна Кутейникова, сол сияқты студент, ҚХР азаматы, СҚМУ-де Foundation бағдарламасы бойынша оқып жатқан Нұрданбек Жасара, «ЭКСПО» волонтерi Наталья Перминова, «Кристал» ЖҚ агрономы Сергей Руденко өз жетiстiктерi жайлы айтып бердi.
Балалар өз идеяларымен бөлiсе келiп, облыс әкiмiне өз сауалдарын да қойды.
Кездесу соңында жастар өкiлдерi өңiр басшысына футболка мен шара кезiнде қатысушының бiреуi салған әкiм портретiн сыйға тартты. Қатысушылар облыс әкiмiмен бiрге ескерткiш фотоға түстi.
Жастармен кездесу ресми емес жағдайда мектептiң спорт залында жалғасты. Облыс әкiмi балалармен бiрге волейбол ойнады.