СҚО жастары Құмар Ақсақаловты қалалық бақты жаңғырту жөнiндегi жобалармен таныстырды

СҚО жастары Құмар Ақсақаловты қалалық бақты жаңғырту жөнiндегi жобалармен таныстырды

Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақалов қалалық бақты жаңғырту мәселелерi жөнiнде өңiр жастарымен кездестi.

«СК РАЙВ» ЖШС-нiң сәулеткерi Лариса Фомченкомен, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дiң «Сәулет және дизайн» мамандығы бөлiмiнiң 3-курс студентi Диаз Көпеев өңiр басшысы мен БАҚ өкiлдерiне өздерiнiң жобаларын ұсынды.

Лариса Фомченконың жобасына сәйкес бақта тыныш және белсендi демалыс аймағын ұйымдастыру қарастырылған. Белсендi демалыс аймағында эко-дәмхана, иттердi қыдырту үшiн алаң жасалатын, сол сияқты гүлзарларды көгалдандыру үшiн орын бөлiнетiн болады. Спорт алаңдары сол жерде қалдырылып, онда жаңа тренажерлер орнату көзделген. Балалар алаңында кiшi және жасөспiрiм жастағы балалар үшiн бөлiнiс пайда болады. Бұдан басқа, мүмкiндiгi шектеулi балалар үшiн спорт алаңы жабдықталмақ. Ескi бақта жолдармен қатар арнайы жабылғылармен веложолдар жасалып, велосипедтер қоятын орын қарастырылмақ.

Өз кезегiнде Диаз Көпеев жобаға кiрiсер алдында қала азаматтары арасында сауалнама жүргiзiлгенiн айтып бердi. Әлеуметтiк желiлерде петропавлдықтар қаланың басты қонақжай орындарының бiрiнде ненi өзгертiп, не енгiзу керектiгi жайында ой бөлiскен. Сауалнама мен ұсыныстардан жоба идеясы туған. Авторлардың ұсынысы бойынша, бақ бiрнеше аймаққа бөлiнетiн болады — олар: «Ұлттық бақ», «Ағылшын бағы», «Жапон бағы», «Ғашықтар бағы», сол сияқты ашық аспан астында киноаумақ жасау қарастырылған.

«Барлық ағаштарды қалдыру, жаңа орындықтар, қоқыс жәшiктерiн орнату және жарықтандыру ұсынылды. Басында әрдайым жұмыс осындайдан басталады, бiз Ғаламторда бар ұсыныстарды, оның iшiнде ең үздiктерiн iздедiк. «Жапон бағы» идеямыз бойынша жерге толығымен бiр сұрыпты гүлдер егiледi, «Ағылшын бағы» барлық өсiмдiктерiмен, геометриялық мүсiндерiмен Англияны елестететiндей қатаң ағылшындық стильде болады. Жоба бойынша бiр аптадай жұмыс iстедiм», — деп өз ойымен бөлiстi Диаз Көпеев.

СҚМУ студентiнде жобалар әзiрлеу тәжiрибесi бар екендiгiн атап айтқан орынды. Диаз Жастар сарайы мен Университеттiң көрнекiлiгi бойынша жұмыс iстеп, оның идеясы iске асырылған болатын. Облыс әкiмi Құмар Ақсақалов балалардың идеясына оң баға бердi.

«Сiздердiң ұсыныстарыңызды мақұлдаймыз деп есептеңiздер. Тұтастай алғанда олар бiзге ұнады. Әлеуметтiк желiлерде талқыланғаны дұрыс, әлеуметтiк орындарды жастар үшiн жасаймыз және саламыз. Тек баққа ғана емес, барлық iске жастардың қатысқаны мен үшiн маңызды. Конституция көшесiн жаңғыртуға сiздердiң қатысқандарыңызды қалаймын. Бұл көше тарихи болса екен деймiз. Қазiр бiз онда толығымен өрнектастарды ауыстырамыз, осы көшедегi ғимараттар мен үйлердi жөндеймiз. Бұл бiрегей көше — мұндай ешқайда жоқ, сондықтан ол әдемi болса екен деймiз», — дедi Құмар Ақсақалов.

Кездесу соңында өңiр басшысы жастарға Оқушылар сарайы жобасын жасауға қатысуды ұсынды.