СҚО-да екi ауданның әкiмi ауысты

СҚО-да екi ауданның әкiмi ауысты

Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақаловтың өкiмiмен, ҚР Президентi Әкiмшiлiгiмен келiсiм бойынша және аудандық мәслихаттың келiсiмiмен Ербол Болатұлы Сағдиев Тимирязев ауданының әкiмi болып тағайындалды.

Ербол Болатұлы Алматы зооветеринар институтын «зоотехник» мамандығы, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлеткеттiк университетiн «құрылыс бакалавры» және «ауыл шаруашылығы бакалавры» мамандықтары бойынша бiтiрдi.

1983 жылы Қостанай мемлекеттiк облыстық ауыл шаруашылығы тәжiрибе станциясында зоотехник болып еңбек жолын бастады.

1988-ден 1992 жылға дейiн Көкшетау облысының Көкшетау ауданындағы КОКП 24-съезi атындағы кеңшарды басқарды.

1992-ден 2003 жылға дейiн коммерциялық кәсiпорынға жетекшiлiк еттi.

2003-тен 2015 жылға дейiн Ақмола облысындағы Зерендi, Атбасар, Сандықтау аудандарының әкiмi болды.

2015 жылдың мамыр айынан осы тағайындауға дейiн Солтүстiк Қазақстан облысындағы Шал ақын ауданының әкiмi қызметiн атқарды.

Тимирязевауданының жаңа әкiмiн өңiр басшысы Құмар Ақсақалов таныстырды. Облыс әкiмi ауданның экс-әкiмi Еркiн Базархановқа ауданды дамытуға қосқан үлесi үшiн ризашылығын бiлдiрiп, жаңа жұмысына жетiстiк тiледi.

Осы күнi Құмар Ақсақалов Ербол Сағдиевтiң орнына тағайындалған Шал ақын ауданының жаңа әкiмiн таныстырды. Өңiр басшысының өкiмiмен, ҚР Президентi Әкiмшiлiгiмен келiсiм бойынша және аудандық мәслихаттың келiсiмiмен бұл орынға Нұрлан Орынбасарұлы Есiмов тағайындалды.

Нұрлан Орынбасарұлы 1983 жылы Жамбыл облысының Тараз қаласында туған.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетiн аяқтаған. «Болашақ» бағдарламасының түлегi. Ұлыбританиядағы Данди университетiн бiтiрген.

Еңбек жолын 2005 жылы «Темiржолжылу» АҚ-ның нормативтiк-құқықтық бөлiмiнде жетекшi маман болып бастады.

Әр жылдары ҚР Бас прокуратурасында Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының заңгерi, «Әскерилендiрiлген темiр жол күзетi» АҚ-да мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастыру бөлiмiнiң бас маманы, Көкшетау қаласы прокурорының көмекшiсi, ҚР Әдiлет министрлiгiнiң Мемлекеттiк мүлiк құқығын қорғау бойынша департаментiнiң бас сарапшысы болып қызмет атқарды.

2015 жылы ҚР Инвестиция және даму министрлiгiнiң Инвестиция комитетiнiң Әдiлет басқармасын басқарды.

2016 жылы Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң мемлекеттiк бақылау және ұйымдық — аумақтық жұмыс бөлiмiнiң инспекторы болып тағайындалды.

2016 жылғы сәуiр айынан берi осы уақытқа дейiн Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң мемлекеттiк бақылау және ұйымдық-аумақтық жұмыс бөлiмiнiң мемлекеттiк инспекторы болып қызмет атқарды. Жаңа әкiмнiң жұмысына жетiстiк тiлей келе, өңiр басшысы Құмар Ақсақалов Щал ақын ауданында әрi қарай әлеуметтiк-экономикалық даму үшiн әлеует бар екендiгiн атап айтты.