
Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнде өңiр басшысы Құмар Ақсақалов пен Қазақстан Республикасындағы Канада елшiсi Шон Стайлмен кездесу өткiздi. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы мен машинажасау саласындағы ынтымақтастық мүмкiншiлiктерi туралы сөз қозғады.
Кездесудi ашқан Құмар Iргебайұлы облыстың 56% ауылды мекенде тұратынын, сондықтан ауыл шаруашылығы саласында жақсы нәтижеге жеткен елдермен қарым-қатынас орнату өңiр үшiн өте маңызды екенiн атап өттi.
«Канада елiнде өсiмдiк және мал шаруашығы қатар дамыған. Әлемдегi ең озық технологиялар сiздерде бар. Канадалық фермерлер жылдар бойы жинақтаған тәжiрибелерiмен қазақстандық әрiптестерiмен бөлiссе жақсы болар едi. Мамандарымызды сiздiң елге оқуға жiберудi жоспарлап отырмыз. Канада жасымықты ең көп өсiретiн ел ретiнде әлемге танымал. Сiздерден аталған өсiмдiк түрiн жылда сатып аламыз. Биыл жасымық алқаптарын екi есеге ұлғайттық», — дедi облыс әкiмi.
Өз кезегiнде Қазақстандағы Канада елшiсi iс-сапарына риза болды.
«Бiз әлемнiң екi шетiнде орналасып, соншама ұқсастығымыздың болуы таңғалдырады. СҚО-ның ауыл шаруашылығындағы мүмкiншiлiктерi Саскачевандарға қарағанда едәуiр жоғары. Бiз өнiмдiлiктi арттырғанда инновацияларға көңiл бөлемiз», — дедi Шон Стайл.
Бiзде 145 Bourgault пен 100 Моrris маркалы себу кешенi бар. Сондай-ақ, бiз канадалық «НаниБи» дестелегiштерiн де көптеп сатып аламыз. Қазiргi таңда «Джон Дир», «Класс» фирмаларымен машина жасау саласында тығыз әрiптестiк орнату жөнiнде келiссөздер жүргiзiп жатырмыз. Канаданың ауыл шаруашылық техникаларының бағасы өте қымбат. Оған қоса аграрийлерiмiз оны шетелден жеткiзу үшiн қыруар қаражат жұмсайды», — дедi Құмар Ақсақалов.
Кейiн ауыл шаруашылығы саласының әлеуетi туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров хабарлады.
«Елбасы Н.Ә.Назарбаев пен Үкiметтiң өткiзiп жатқан жұмыстары арқасында ағымдағы жылы облыстың аграрлық саласын қаржыландыруға 59,2 млрд. теңге бағытталды. 2013 жылмен салыстырғанда АӨК қолдау 1,4 есеге артты. ауыл шаруашылығының ЖӨӨ өсiм қарқыны бойынша облыс үздiктердiң қатарында. 2016 жылы облыста өсiмдiк шаруашылығы, мал шаруашылығы, элеватор құрылысына байланысты 12 млрд. теңгеге 37 жоба жүзеге асырылды.Ауыл шаруашылығы құрылымдарының машина-трактор паркiн жаңарту бойынша жұмыс жүргiзiлiп жатыр», — дедi Қайрат Омаров.
Кездесу соңында Құмар Ақсақалов Канада елшiсiне келгенi үшiн алғысын бiлдiрiп, елдер арасындағы достастық қарым-қатынастар бүгiнгi кездесуде қарастырылған мәселелердi жүзеге асыруға мүмкiндiк беретiнiн атап өттi.