СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов журналистердi кәсiби мерекесiмен құттықтады

СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов журналистердi кәсiби мерекесiмен құттықтады

Өңiр басшысымен кездесуге облыстық және қалалық газеттердiң, телеарналардың басшылары мен бас редакторлары және Солтүстiк Қазақстан облысы бойынша республикалық БАҚ-тардың меншiктi тiлшiлерi шақырылды.

Құмар Ақсақалов мерейтой иелерiн құттықтай келе, журналист мамандығының маңызы туралы атап айтты

«Бiздiң өңiрiмiзде болып жатқан барлық басты оқиғалар Сiздердiң материалдарыңызда көрiнiс табу үшiн қалың оқиғалардың ортасында болуларыңыз керек. Әрине, сiздер арқылы, сiздердiң материалдарыңыз арқылы, бiздiң азаматтарды толғандыратын өзектi мәселелердi керi байланыстың нәтижесiнде аламыз, көп жағдайда сiздердiң материалдарыңызды негiз ете отырып, өз жұмысымызды үйлестiремiз. Осының өзi керi байланыстың тетiгi, сондықтан сiздерге зор алғыс арнаймын», — дедi Құмар Ақсақалов.

Әкiм өңiрлiк, республикалық деңгейде облыстың жаңалықтарын көрсеткенi және ұсынғаны үшiн ризашылығын бiлдiрдi. Өңiр басшысы БАҚ өкiлдерiн жеңiмпаздар ақшалай сыйлықпен марапатталатын М.Жұмабаев атындағы байқауға қатысуға шақырды. Байқау үздiк сараптама, эксклюзивтi, қайырымдылыққа арналған материал, аудандық газеттердiң үздiк материалдары, жылдың үздiк фотокадры аталымдары бойынша өткiзiлетiн болады.

Сол сияқты өңiр басшысы Солтүстiк Қазақстан облысы журналист кадрларының ұстаханасы екендiгiн де тiлге тиек еттi.

«Әртүрлi республикалық және басқа мемлекеттердiң БАҚ-тарында бүгiн жұмыс iстеп жүрген журналистердiң 100-ден астамы бiздiң облыстан шыққан. Осының өзi бiзде журналистика мектебi қалыптасқандығын танытады. Бiрiншi курстан бастап сiздермен бiрге жұмыс iстейтiн, тәжiрибеден өтетiн студенттер де бар, тәжiрибелi журналистер жас ұрпаққа өз бiлгендерiн үйретуде», — дедi Құмар Ақсақалов.

Байланыс және ақпарат саласын дамытуға қосқан үлестерi үшiн облыс әкiмi «Қазақстан» РТРА СҚОФ директоры Ерлан Тоқшалыққа, МТРК директоры Евгений Сазановқа, «Квартал» газетiнiң бас редакторы Талғат Айдархановқа, «Bnews» ақпарат агенттiгiнiң меншiктi тiлшiсi Светлана Пышкинаға, «Хабар» арнасының меншiктi тiлшiсi Самат Жақыповқа Құрмет грамотасын, облыстық БАҚ-тың 5 журналистiне Алғысхат табыс еттi. БАҚ-тың 28 өкiлi облыс әкiмiнiң ақшалай сыйлығымен марапатталды.

Мереке құрметiне журналистерге арнайы концерт ұйымдастырылды, онда кәсiби әншiлер ғана емес, республикалық арналар мен басылымдардың тiлшiлерi де өнер көрсеттi.