ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Ашық есiк күнi аясында ведомство басшысы Тамара Дүйсенова Солтүстiк Қазақстан облысына келдi. Жұмыс сапары Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылынан басталды. Онда Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақалов пен Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенова мектептiң жарақтандырылуымен танысып, информатика кабинетiнде, «Айбөбек» және «Балдырған» топтарында 30 бала тәрбиеленiп жатқан «Аружан» шағын орталығында болды.
«Бұрын балалар Бескөлге баратын, қазiр олар ауылда оқуға мүмкiндiк алды. Балалар таңғы 9-дан кешiк 6-ға дейiн осында болады. Мұнда мұғалiмдер балалармен жұмыс iстейдi, топтық сабақтар өткiзедi, барлық жағдай жасалған. Мұғалiмдер бiлiктiлiгiн арттыруға барады», — дедi мектеп директоры Сяудат Сұлтанғазина.
Қонақтар мектептiң асханасы мен спорт залында да болды. Онда волейбол секциясы жұмыс iстейтiндiгiн, оқушылар жақсы нәтиже көрсетiп жүргенiн айта кеткен жөн. Тамара Қасымқызы мұғалiмдермен және балалармен әңгiмелестi. Содан кейiн делегация жергiлiктi ФАП-ты аралап, жергiлiктi тұрғындармен кездестi.
«Бiз «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша 2009 жылы Монғолиядан қоныс аудардық. Бiздi жақсы қабылдағаны үшiн Мемлекет басшысы мен халыққа алғыс айтамыз. Мектеп пен ФАП салып бердi. Мемлекет бiзге қамқорлық жасауда. Бiз Байөлке аймағынан келгенбiз, туыстарымыз сонда тұрады. Ата-бабаларымыз осыдан екi ғасыр бұрын 1890 жылы қоныс аударыпты. Тәуелсiздiк алғаннан кейiн Отанымызға оралуды шештiк», — дедi Бәйтерек ауылы тұрғындарының бiрi.
Тамара Дүйсенова елiмiзде әлеуметтiк салада болып жатқан реформалар жайында сөз қозғады. Оның iшiнде медициналық сақтандыру мен iсiн жаңа бастаған кәсiпкерлердi қолдау мәселесi бойынша.
«Бүгiн Президенттiң тапсырмысы бойынша зейнетақы мен жәрдемақы 20 пайызға көтерiлдi. Ол азаматтарға жасалып отырған қамқорлық. Одан басқа, мемлекеттiк қолдаудың тетiктерiн пайдалана аласыздар. Балабақша, әлеуметтiк нысандар ашыңыздар. Мемлекеттiк жекеменшiк әрiптестiк аясында қолдау көрсетiлетiн болады», — дедi Тамара Дүйсенова.
Содан кейiн Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенеова Бескөл ауылында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттiк бағдарламасы аясында салынған 18 пәтерлiк жатақханада болды. Онда жұмысы аз оңтүстiк өңiрлерден қоныс аударғандар тұрады. Жадыра Асылбекова отбасымен өткен жылы көшiп келiптi. Қазiр олар пәтердi жалға алып отыр, оның жағдайына көңiлi толады. Отағасы Нәтижелi жұмыспен қамтуды және жаппай кәсiпкерлiктi дамыту бағдарламасы бойынша оқудан өтуде, ал Жадыра әлеуметтiк қызметкер болып iстейдi. Тамара Қасымқызы қоныс аударушылардың жағдайымен танысып, оларға кiр жуатын машина сыйлады.
«Жемiстi еңбек етiңiздер. Ерiңiзбен бiрге сiздер көп нәрсеге қол жеткiзесiздер. Ол үшiн мемлекет барлық жағдайды жасаған. Қазiр осында тұрып, пәтердi жалға алып отырсыздар, сосын ақша жинап, үй сатып алуға болады. Ең бастысы — еңбек етiп, ауданның, тұтастай алғанда елiмiздiң дамуына үлес қосу», — дедi Тамара Дүйсенова.
Министр осы сапарында «Ахмутдинов»ЖК-да да болды. Кәсiпорын 1997 жылы құрылған, ағаш кесумен және өңдеумен, сол сияқты ағаш өнiмдерiнiң бiрнеше түрiн өндiрумен, пеллет шығарумен айналысады.
«Қайың ағашынан 50-ден астам өнiм түрiн жасаймыз. Бiзде толығымен қауiпсiз технология. Негiзiнен Қазақстанға жұмыс iстеймiз. Стол, астау, есiк жасаймыз. Бесiк те бар. Барлығы автоматтандырылған. Бiзде 75 адам еңбек етедi. Оларға барлық жағдайды жасаудамыз», — дедi ЖК жетекшiсi Сермұхамет Оралұлы.
Делегация ағаш өңдеу цехында болып, шығаратын өнiмдермен танысты. Қонақтарға асхана мен өндiрiс аумағына жақын жұмысшылар үшiн салынған үйлер де көрсетiлдi.
Петропавл қаласында Тамара Дүйсенова мен Құмар Ақсақалов «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ-да болды. Кәсiпорын мұнай компаниялары үшiн техника, мұнайхимия және мұнай өңдейтiн кәсiпорындар үшiн құрал-жабдықтар шығарады. Зауыттың бас директоры Қуаныш Бишiмов министрге әзiрленген технологиялық жаңғырту бағдарламасы туралы айтып бердi.
Өз кезегiнде, Тамара Дүйсенова зауыттықтардың еңбек жағдайына қызығушылық бiлдiрiп, ұжыммен жеке әңгiмелестi. Қызметкерлер еңбек жағдайы соңғы жылдары едәуiр жақсарғанын тiлге тиек еттi. Басшылық еңбекақыны 35%-ға көтерудi жоспарлап отыр. Сонымен бiрге ПАМЖЗ үш жылдан берi ұшқыр режимде дуальды оқыту жүйесi боынша жұмыс iстейдi. Ол өндiрiске жас мамандарды тартуға мүмкiндiк бередi.
Сол сияқты облыс әкiмi Құмар Ақсақалов пен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенованың қатысуымен зауыт басшылығы мен кәсiподақ төрағасы арасында ұжымдық келiсiмге қол қойылды.
Содан кейiн зауыт кеңсесiнде кәсiпорындардың жұмыс берушiлерi мен облыс ұйымдарының қатысуымен кеңес өттi. Кеңестi ашқан өңiр басшысы облыста еңбек пен құқықты қорғауға байланысты белсендi жұмыс жүргiзiлiп жатқандығын атап айтты.
«Тұтастай алғанда бiздiң өңiр аз тәуекелдi аймақта орналасқан. Бiрақ ол бiздiң енжар қарауымызға сылтау бола алмайды, бiз жағдайды бақылауда ұстаймыз. Өндiрiстiк жарақат алу саны 20%-ға азайған.Қазiр жұмыс iстейтiн кәсiпорындардың 97%-ы ұжамдық келiсiм жасады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», — дедi Құмар Ақсақалов.
Министр жиналғандарға өткен жылы қабылданған ҚР Еңбек кодексiндегi жаңалықтар туралы айтып, ұйымдардың басшыларын өз мiндеттерiн орындауға шақырды, оның iшiнде мiндеттi медициналық сақтандыру бойынша.
«Осы жаңа еңбек кодексiне сәйкес мемлекет ең төменгi стандарттарды, ең төменгi еңбекке ақы төлеудi, еңбек қауiпсiздiгi стандарттарын белгiлейдi. Бұл стандарттар қатаң бақыланатын болады. Әлеуметтiк пакетке, еңбектi қорғау қаiпсiздiгi, еңбекке қабылдау мен жұмыс режимiне байланысты қалған мәселелер жұмысшы өкiлдерi мен жұмыс берушiлерге берiлген. Бiз Еңбек кодексiне жалақы республика бойынша белгiленген ең төменгi еңбекақы көлемiнен аз болмауға тиiстi деп жазамыз», — дедi Тамара Дүйсенова.
Сол сияқты Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенова техникалық мамандығы бар жас мамандарды тарту және мүмкiндiгi шектеулi адамдар үшiн жұмыс орындарын құру қажеттiгiне жұмыс берушiлердiң назарын аударды. Бұл мақсат үшiн мемлекет демеуқаржы бөлетiн болады.