Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнде өткен аппарат кеңесi барысында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға, сол сияқты мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыруды енгiзуге және Астана мен Петропавл қаласы күндерiн мерекелеуге әзiрлiк мәселелерi талқыланды.
Бiрiншi мәселе бойынша Экономика басқармасының басшысы Арсен Қазбеков баяндады. Ол жергiлiктi атқарушы органдарға бекiтiлген қадамдардың ең көп саны индустрияландыру және экономикалық өсiм бойынша кешендi жаңғыртуға қатысты үшiншi бағытқа тиесiлi екендiгiн алға тартты.
«Өткен 5 айдың iшiнде бiрлесе атқарған жұмыстың арқасында өңiрдiң экономикасына былтырғы сәйкес мерзiммен салыстырғанда 21,2% өсiммен 43,8 млрд. теңге инвестиция тартылды», — дедi Арсен Қазбеков
Баяндаманы тыңдай келе, өңiр басшысы Құмар Ақсақалов стратегиялық құжатты жүзеге асыру бойынша жұмысты күшейту қажеттiгiне назар аударды.
«Бәрiнен бұрын реформалар бiздiң азаматтардың өмiр сапасын жақсартуға арналған. Жүргiзiлiп жатқан әрбiр қадамға қыруар күш-жiгер жұмсалуда, сәйкес заңдар қабылданды, жаңа қатынас қалыптасты, тұтас бағдарлама жасалып, қаражат бөлiндi. Адамдар өз өмiрiнiң жақсарғанын, осындай реформалар жүргiзiлiп жатқанын бiлуге тиiс. Бiздiң iсiмiздiң кез келген бағыты нәтиже беруге тиiс», — деп атап айтты облыс әкiмi.
СҚО-нда мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыруды енгiзу жайлы Медициналық қызметке ақы төлеу комитетi департаментiнiң басшысы Лариса Гордеева айтып бердi.
«Жұмыспен қамтылған тұрғындардың жалпы саны 264 399 адамды құрайды, оның 189 236-сы — жалдамалы қызметкерлер және ЖК. Өздiгiнен жұмыс iстейтiн белсендi еместерге 75 163 адам жатады, оның кiрiсi барлары және өзi үшiн жарна төлей алатындары — 49476 адам, ал кiрiсi жоқ, яғни жарна төлей алмайтындары — 25 686 адам», — дедi Лариса Годеева.
Осы мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Владимир Безлер де өз ойын ортаға салды. Ол тегiн медициналық көмек көлемiн кепiлдендiру және мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру сияқты қызмет түрлерiнiң екi аспектiсiне тоқталды.
Облыс әкiмi тұрғындар арасында атаулы ақпараттық-түсiндiру жұмыстарын белсендi жүргiзудi, сақтандыру мәртебесi жоқ адамдар санын азайтуды және МӘМС жүйесiне тұрғындарды толық қамтуды қамтамасыз етудi тапсырды.
«Аудандар мен қала әкiмдерiне жеке жауапкершiлiк жүктеледi. Күн сайын жұмысты осыдан бастау керек. Жекелеген тәуекелдiлiктер кездессе, жедел шешу керек», — дедi Құмар Ақсақалов.
Мемлекеттiк мереке — Астана күнiн өткiзу жоспары жайлы Iшкi саясат басқармасының басшысы Әсем Рахметова баян еттi.
«Мерекелеу күндерi 400-ден астам әртүрлi мәдени-ойын-сауық, спорттық және танымдық мазмұндағы шаралар өткiзу жоспарланған. Ұйымдар мен кәсiпорындарда үздiк қызметкерлердi марапаттауға арналған салтанатты жиналыстар өтетiн болады. Мәдениет ұйымдарында тақырыптық экспозициялар мен кiтап, фотоқұжаттар мен мұрағат материалдары көрмелерi ұйымдастырылады», — дедi Әсем Қалашбайқызы.
Астана күнi өңiр бойынша 20-дан астам әлеуметтiк маңызы бар нысандар пайдалануға берiлетiндiгiн атап айту керек.
Шiлде айының екiншi жексенбiсiнде петропавлдықтар қала күнiн атап өтедi. Облыс орталығының 265 жылдығын атап өту жайлы Петропавл қаласының әкiмi Марат Тасмағантов айтып бердi.