Петропавлда полицейлерге арналған үйдің іргетасы қаланды

Петропавлда полицейлерге арналған үйдің іргетасы қаланды

Астана күні қарсаңында Петропавл қаласында «Жас өркен» шағынауданында көппәтерлі тұрғын үй кешені құрылысының басталуына, оның іргетасын қалауға арналған салтанатты шара болды.

Шара кезінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов ішкі істер органдарының ардагерлері мен қызметкерлеріне арнап құттықтау сөз сөйледі.

«Біз бүгін осы жылдың жартыжылдығының қорытындысын шығардық. Бізде жасалған қылмыстар деңгейінің төмендеп, олардың ашылуы өсіп келе жатқаны байқалады. Ол сіздердің абыройлы жұмыстарыңыздың арқасы. Сол үшін сіздерге ризашылық білдіремін», — деді өңір басшысы

Бүгінгі күні СҚО-ның 400-ден астам қызметкері тұрғын үй қажет етеді. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ директоры Райхан Әбдірахманованың айтуына қарағанда, аталмыш кешеннің құрылысы «Өз үйің» жаңа бағдарламасын жүзеге асырудың басы болып табылады. Тұрғын үй кешені 3 үйден тұрады. Солардың бірі — 100 пәтерлік үй өңірдің полиция қызметкерлеріне берілетін болады.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мен «Кепілді тұрғын үй құрылысы қоры» АҚ қолдауымен аталмыш нысанды «Көкшетау жанармай базасы» ЖШС мен бас мердігер «Инмарко» ЖШС жүзеге асыратын болады. Нысан жоспар бойынша 2018 жылы күзге қарай пайдалануға берілмек.

Көппәтерлі тұрғын үй кешенінің алғашқы кірпішін қалау құқығы ІІБ ардагері, полиция полковнигі Хайдар Кашеновке, СҚО ІІД ақпараттық-сараптама орталығының инспекторы Айгүл Сәбитоваға және мердігер компанияның бас инженері Александр Мысковқа берілді.