СҚО-дағы өңiрлiк Инвесторлар кеңесiнде 20-дан астам меморандумға қол қойылды

СҚО-дағы өңiрлiк Инвесторлар кеңесiнде 20-дан астам меморандумға қол қойылды

Петропавлда инвесторларды тартуға және өңiрдегi инвестициялық ахуалды жақсартуға арналған Өңiрлiк кеңестiң III отырысы өттi. Оған әлемнiң 7 елi мен Қазақстанның өңiрлерiнен 200-дей адам қатысты.

Өңiрлiк кеңестiң үшiншi отырысы барысында облыс әкiмi Құмар Ақсақлов соңғы 5 жылда облыста негiзгi макроэкономикалық көрсеткiштердiң тұрақты өсiмi қамтамасыз етiлгенiн атап айтты. Оның iшiнде тартылған инвестициялар көлемi 1,6 есе, өнеркәсiп кәсiпорындары шығарған өнiмнiң көлемi 1,5 есе өстi.

«Бiз жоғары бөлiстегi дайын өнiмдердi экспорттау үшiн, өндiрiлген ауыл шаруашылығы өнiмдерiн тереңдетiп өңдеуге баса назар аударамыз. Елбасының белсендi жүргiзген саясатының арқасында Қазақстанда мнвестиция тарту және кәсiпкерлiк қызметпен айналысу үшiн бiрегей және барынша қолайлы жағдай жасалған», — дедi өңiр басшысы.

Сол сияқты Құмар Ақсақалов инвестициялық демеуқаржы мен заттай гранттар беру — Солтүстiк Қазақстанда кәсiпкерлер мен инвесторларға жобаларды нәтижелi жүзеге асыруға кепiлдiк беретiндiгiн алға тартты. Инвесторлардың өзектi мәселелерiн жедел шешу және өңiрдегi инвестициялық саясатты дамытуда тәжiрибемен және пiкiрмен алмасу үшiн осындай отырыстарды тоқсан сайын өткiзу мақсат етiлуде.

Кездесуде облыс әкiмiнiң орынбасары Дәурен Жандарбек өңiрдiң инвестициялық ахуалы туралы айтып бердi. Оның айтуынша, жобаларды жүзеге асыру кезiнде 10%-ға дейiн пайыздық ставканы демеуқаржыландыру кiретiн «Бiрыңғай бағдарлама», «Бизнестiң дамуын қолдау», «Жол картасы-2020», аясында бiрқатар мемлекеттiк қолдаулар белсендi қолданылады. Дәурен Жандарбек инвесторлар өңiрде жұмыс iстеу және жобаларын жүзеге асыру үшiн, оларға облыстың артықшылығы туралы да айтып бердi.

«Облыста пайдалы қазбалардың 200-ден астам кен орны зерттелдi, ҚР балансындағы минералды шикiзаттардың қорынан цирконий 36%-ды, уран 19%-ды, титан 5%-ды құрайды. Алтын, темiр және көмiр кен орындары бос қалып отыр. Бүгiнгi күнi австралиялық «IIuka» компаниясы әрi қарай өңдеу мүмкiндiгiмен облыстың аумағында титан-цирконий кен орындарының бар-жоғын геологиялық зерттеуге арналған жұмыс жүргiзуде», — дедi облыс әкiмiнiң орынбасары Дәурен Жандарбек.

Өңiраралық және шекаралық ынтымақтастықты дамыту және өңiрлiк инвестицияларды тарту туралы Владимир Дудов, Анатолий Башмаков, және Денис Кушнер тiлге тиек еттi.

Әрi қарай Петропавлдағы жобалары туралы «Yan De Rui Gong Mao Co Ltd» компаниясының бас директоры Baн Тианде сөз қозғады. Ол СҚО-да машина жасау кластерiн жүзеге асырмақ. Петропавл қаласының әкiмi Марат Тасмағанбетов өз кезегiнде қаланың барлық әлеуметтiк-экономикалық көрсеткiшiн дамыту үшiн үлкен әсер ететiндiгiн растады.

«Бүгiнгi күнi бiрлескен кәсiпорын құрылды, барлық процедуралар өткiзiлдi. Петропавл қаласында өкiлдiк ашылды. Қала әкiмдiгi жер телiмiн бөлiп бередi, алдағы уақытта ол 500 гектарға дейiн ұлғайтылады. Бүгiн қытай компаниясының өкiлдерi айтқандай, оқу орталығы құрылып, болашақта 3000-ға дейiн жұмыс орны құрылатын болады», — дедi қала әкiмi.

Кездесудiң соңында жалпы сомасы 100 млрд. теңгеден асатын 20-дан астам меморандумға қол қойылды.

Солтүстiк Қазақстан облысында инвестиция тарту жөнiндегi Өңiрлiк кеңес 2016 жылы қаңтар айында құрылған болатын. Бұл — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құрған, инвестиция тартуға әсер ететiн алғашқы өңiрлiк алаң. Кеңестiң басты мiндетi — облыстың инвестициялық ахуалын жақсарту және тиiмдi, сенiмдi және ұзақмерзiмдi инвестициялық байланыстарды орнату, сол сияқты өңiрде инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың өзектi мәселелерiн шешу.

Кеңес алаңдары инвесторлар мен кәсiпкерлерге қызық ұсыныстарды мұқият зерттеуге және бiр-бiрiнiң мүмкiндiгiн бағалауға көмектеседi, сол сияқты өнеркәсiптiң кенлешегi бар салаларында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшiн қосымша серпiлiс бередi.