Инвесторларды тарту және облыстағы инвестициялық ахуалды жақсарту жөнiндегi Өңiрлiк кеңестiң III отырысында Петропавл қаласының әкiмi Марат Тасмағанбетов пен «Yan De Rui Gong Mao Co Ltd» компаниясының бас директоры Baн Тянь Де 65 млрд. теңгенiң меморандумына қол қойды.
Кездесу кезiнде «Yan De Rui Gong Mao Co Ltd» компаниясының бас директоры Baн Тянь Де жоба Солтүстiк Қазақстан облысының Петропавл қаласында салынатын индустриялық парк екенiн айтты. Идея қытайдың «Бiр белдеу — бiр жол» стратегиясына және қазақстандық «Нұрлы жол — болашақ жолы» бағдарламасына толық сәйкес келедi. Құрылыстың жалпы алаңы 500 гектарды құрайтын болады.
«Бiздiң жоба бiздiң өңiрдiң «Хубай» повинциясынан зор қолдау тапты. Облыс әкiмi Құмар Ақсақаловқа ризашылығымды бiлдiрiп, бiздiң губернатордың алғыс хатын табыс етпекпiн. Мен губернатордың атынан қалалар мен өңiрлер туралы келiсiм жасауға көмек көрсеткенi үшiн өңiр басшысына ризашылық бiлдiремiн», — дедi «Yan De Rui Gong Mao Co Ltd» компаниясының бас директоры Baн Тянь Де.
Baн Тянь Денiң сөзiне қарағанда, машина жасау кластерi орналасқан жерде аз коммуналдық шығын жұмсалып, инвестиция үшiн қолайлы жағдай жасайды. Индустриялық паркте өндiрiстiк цехтар, оқыту цехтары, даму институты болады. Өз кезегiнде Петропавл қаласының әкiмi Марат Тасмағанбетов аталмыш жоба қаланың барлық әлеуметтiк-экономикалық көрсеткiшi үшiн үлкен серпiн беретiндiгiн атап айтты.
«Бүгiнгi күнi бiрлескен кәсiпорын құрылды, барлық процедуралар өткiзiлдi. Петропавл қаласында өкiлдiк ашылды. Қала әкiмдiгi жер телiмiн бөлiп бередi, алдағы уақытта ол 500 гектарға дейiн ұлғайтылады. Бүгiн қытай компаниясының өкiлдерi айтқандай, оқу орталығы құрылып, болашақта 3000-ға дейiн жұмыс орны құрылатын болады», — дедi қала әкiмi.
Индустриялық парк өндiрiстердi орналастыруды қарастырады. Парктiң ортасында жасыл саябақ аймағы өтедi, оның ұзындығы 700, енi 100 метрдi құрайды, ал аймақтар салалар бойынша бөлiнетiн болады. Парк сұранысқа қарай арнайы машина техникаларын шығармақ.