Облыс орталығында Конституция күнi мемлекеттiк мерекесi қарсаңында жаңа балалар бақшасы ашылды. Оның ашылу салтанатына Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақалов қатысты.
«Аталмыш жұмыс балаларды басым бағыттардың бiрi болып саналатын — мектепке дейiнгi мекемелермен қамтамасыз ету жөнiндегi Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы аясында жүргiзiлуде. 2020 жылға дейiн елiмiз бойынша 3-тен 6 жасқа дейiнгi балалар мектепке дейiнгi мекемелермен қамтамасыз етiлуге тиiс. Бiз жылдың соңына дейiн осы мiндеттi мерзiмiнен бұрын орындағалы отырмыз. Солтүстiк Қазақстан облысында 3-тен 6 жасқа дейiнгi балалар мектепке дейiнгi мекемелермен қамтамасыз етiледi», — дедi Құмар Ақсақалов.
Балабақша 3-тен 6 жасқа дейiнгi 90 балаға арналған. Ойын және жатын бөлмелерi бар, ең бастысы бiлiктi тәрбиешiлер мен педагогтар таңдап алынған, барлығы 14 адам.
Аталмыш нысанның меншiк иесi — «Егоровские склады» ЖШС. Гарик Бернецян компания алдағы уақытта да балабақша салумен айналысатындығын атап айтты.
«Бұл балабақша президенттiң мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiк бағдарламасы бойынша салынды. Бiздiң Президентiмiз соңғы Жолдауында мектепке дейiнгi бiлiм беру жөнiнде ерекше атап айтты. Мен бүгiн барлық кәсiпкерлердi мектепке дейiнгi бiлiм беру iсiне айрықша қатысуға шақырамын», — дедi «Егоровские склады» ЖШС-нiң директоры Гарик Бернецян.
Үстiмiздегi жылдың соңына дейiн тағы бiр балабақшаны пайдалануға беру жоспарлануда.
Сол сияқты өңiр басшысы Құмар Ақсақалов «Береке» шағынауданында болып, Орал,32 көшесiндегi 100 пәтерлiк тұрғын үйдiң жаңа қоныстанушыларымен кездестi.
Құрылыс «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды. Мердiгерi — «Зерттеу» ЖШС компаниясы. Тұрғын үйдiң құрылысы 2016 жылы басталып, үстiмiздегi жылы мамыр айында аяқталды.