Күн тәртiбiнде — жылыту маусымының дайындығы

Күн тәртiбiнде — жылыту маусымының дайындығы

Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмi Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкiмдiк отырысында 2017-2018 жылдың жылыту маусымына әзiрлiк, техникалық бақылау барысы мен құрылыс нысандарының сапасы туралы мәселер қарады.

Жылыту маусымы жайында энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тасмұрат Қатқадамов баяндады.

«2017-2018 жылдарда жылыту маусымында коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй мен әлеуметтiк сала нысандарын дайындауға бюджеттен 2 млрд. 419 млн. теңге, кәсiпорынның жеке және кредиттiк қаржысынан 11 218 млн теңге бөлiнген», — дедi Тасмұрат Қатқадамов.

Осылайша, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-ғы алдағы жылыту маусымының дайындығына 5 млрд. 618 млн. теңге, соның iшiнде жөндеу қорынан 1 млрд. 600 млн. теңге, инвестициялық бағдарлама 4 млрд 18 млн теңге бағыттады.

29 тамызға дейiн ПЖЭО-2 9 қазандық агрегаты, 5 турбоагрегатты және 5 бойлер қондырғысын жөндедi. «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-ның ЖЭО-2-ге көмiр кестеге сай жеткiзiлiп жатыр. Қоймада 126,6 мың тонна көмiр мен 211 тонна мазут бар. Жылыту маусымының басталуына, яғни 1 қазанға дейiн 204,4 мың тонна көмiр әзiрлеу жоспарланып отыр.

Бюджеттiк мекемелер жылыту маусымына 173,8 мың тонна көлемiнде көмiр жеткiзу бойынша келiсiм жасасқан, оның 163,5 мың тоннасы немесе 94%-ы жеткiзiлдi.

«Үстiмiздегi жылы бiлiм мекемелерiнде 60 қазандықты тысқа шығару жоспарланған. Бiлiм басқармасының 29 тамызға берген ақпараты бойынша мектептерден шаруашылық тәсiлмен 8 қазандық мекеме сыртына шығарылды, 6-уы бойынша жұмыс жүргiзiлiп жатыр. 26 қазандық «Сапро-Нат» ЖШС-нiң сенiмдi басқаруына берiлдi, сондай-ақ, тағы 26 қазандықты сенiмдi басқармасына беру жоспарланған», — дедi Тасмұрат Оқанұлы.

Ақпаратты тыңдағаннан соң өңiр басшысы Құмар Ақсақалов жылыту маусымының дайындығын күшейтудi тапсырды.

Кейiн техникалық бақылау барысы мен құрылыс нысандарының сапасы туралы мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы Валерий Затай баяндады.

«Өткен мерзiм iшiнде басқарма құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша 308 өтiнiштi қабылдады. Сәулет, қала құрылысы мен құрылыс заңнамасының шарттарын ұстану бойынша 188 тексерiс өткiзiлдi», — дедi басқарма басшысы.

Құрылыс саласында аңнаманы бұзғаны үшiн 23 субъектi әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылып, 36 әкiмшiлiк материал сотқа жiберiлдi.

«Облыс аумағында 407 сарапшы мен акредиттеуден өткен ұйымдар жұмыс iстейдi. Басқармамен 2017 жылдың 8 айында анықталған бұзушылықтарды белгiленген мерзiмде жою үшiн 82 нұсқама берiлдi. Қазiргi кезде бұзушылықтар жойылды немесе шешiлiп жатыр», — дедi Валерий Затай.

«Сәулет мекемесi — дұрыс жасау тәсiлдерiн ұсынуы керек. Олар тек құжаттардың сәйкес келуiн, сыртқы рәсiмделiн ғана тексередi. Қазiр қайда қарасаң да арзан материалдармен қапталған нысандарды көресiң. Бұның бәрiн сәулет тексеруi керек. Бiз бұл жұмысты атқаруға көмектесетiн топты құруымыз керек», — дедi Құмар Ақсақалов.

Әкiмдiк отырысының соңында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров орақ науқаны бойынша жедел ақпаратты хабарлады.

2017 жылдың 4 қыркүйегiне дейiнгi мәлiмет бойынша, дәндi, дәндiбұршақты дақылдардың 1 млн. 695,9 мың гектары дестеге түсiрiлген, топыраққа салынған, элита 7,2%. Дәндi мен дәндiбұршақты дақылдардың 1 млн. 242,9 мың гектар немесе 42,2%-ы бастырылды. Майлы дақылдарды 337,9 мың гектар орылды немесе 47,3%.