Құмар Ақсақалов: Бастысы — халықтың жұмысқа орналасуы мен кiрiсi

Құмар Ақсақалов: Бастысы — халықтың жұмысқа орналасуы мен кiрiсi

Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi жұмыс сапарымен Ғ. Мүсiрепов атындағы ауданда болды.

Өңiр басшысы 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелi жұмыспен қамту және жаппай кәсiпкерлiктi дамыту бағдарламасы аясында тұрғызылған 50 пәтерлiк тұрғын үйдiң пайдалануға берiлу рәсiмiне қатысты.

Одан кейiн Құмар Ақсақалов Нежинка ауылдық округiндегi бiрқатар әлеуметтiк маңызды нысандарды аралады. Солардың бiрi — Нежинка орта мектебi. Онда 168 бала оқып жатыр. Оқу орнының ғимараты күрделi жөндеудi қажет етедi. Өңiр басшысы аталмыш мәселе бойынша жобалық-сметалық құжат әзiрлеудi тапсырды.

Сол сияқты сапар барысында облыс әкiмi «Нежинка-Ерке» ЖШС қызметкерлерi үшiн 2 қабатты ескi тұрғын үйдi жаңғырту жөнiндегi жұмыспен танысты. Үйге барлық коммуникациялар тартылған, ал пәтерлерге жергiлiктi «Капатурин» ЖК-нiң жиһаздары қойылған.

Құмар Ақсақалов ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет бөлген қаражаттан қайтарым болу керек екендiгiне назар аударды.

Сосын Мәдениет үйiнде өңiр басшысы жергiлiктi тұрғындармен кездестi. Кездесу кезiнде ауылдық округтiң әкiмi Мағзұм Дүйсебеков әлеуметтiк-экономикалық даму және алдағы жылдың жоспары жайында баяндады.

«Округ 3 мыңнан астам адамы бар 5 ауылдан тұрады. Олардың жұмыспен қамтылғаны — 1643 адам, оның 422-сi — өзiн-өзi қамтамасыз ететiндер, 10-ы — жұмыссыздар. 131 адам жұмысқа орналасты. Төрт ЖШС мен 21 ШҚ жұмыс iстейдi», — дедi Мағзұм Дүйсебеков.

Облыс әкiмi тек бидай ғана өсiрумен айналыспай, пайдалы дақылдарды дамыту, яғни әртараптандырумен айналысу қажеттiгiн алға тартты. Содан кейiн агроқұрылым басшылары өз жұмыстары туралы айтып, бизнестi дамыту және ауылдықтарды жұмысқа орналастыру жайында өз жоспарларымен бөлiстi.

«Нежинка-Ерке» ЖШС жақсы бағытта дамып келедi. Қара мал саны көбейген. Бөлiнген қаражаттар дұрыс пайдаланылуда. Астық шығымдылығы артып, мал саны өсуде. Адамдар кетiп жатқан жоқ, есесiне ауылдықтар саны көбеюде. Майлы дақылдардың рентабелдiлiгi жақсы пайда беруде, бидайдың шығымдылығы жыл сайын өсiп келедi, — дедi Құмар Ақсақлов.

Дружба ауылдық округiне сапар тау-кен қазбаларын зерттейтiн «Iluka Exploration Kazakhstan». ЖШС компаниясымен танысудан басталды. Қазiр фирма минералды құмдарға барлау жүргiзуде, оның нәтижесi қыста белгiлi болады.

Целинное ауылында өңiр басшысы орталық қазандықтың жұмысымен танысты. Польшада шығарылған қазандықтар 2013 жылы алыныпты. Жобаның құны 30 млн. 150 мың теңгенi құрайды.

«Бiздiң қазандықтар табиғи өнiммен-биомассамен жұмыс iстейдi. Биыл бесiншi жылыту маусымы басталады. Барлығы компьютерлiк режимде жұмыс iстейдi. Баламалы жылыту жүйесi барлық ауылды қамтиды — тұрғын үйлердi, моншаны, асхананы, аурухананы, балабақшаны, бюджеттiк ұйымдарды. таяуда мектеп те қосылады», — дедi «Целинное-2004» ЖШС директоры Серiк Ыбыраев. Баламалы отын ретiнде биомассаны пайдалану — бiршама бюджет қаражатын үнемдеуге және қоршаған ортаны ластайтын заттарды азайтуға мүмкiндiк бередi. «Целинное-2004» ЖШС директоры бақша өсiрудiң пайдасы туралы да айтып бердi.

«Бiз 35 гектар жер бөлгемiз. Биыл соның 10 гектарына септiк. Картоптан, қырыққабаттан, сәбiзден мол өнiм аламыз деп отырмыз, оларды ауылға және мектепке өткiземiз», — дедi Серiк Ыбыраев.

Құмар Iргебайұлы шағын бақшашылықты қолдайтындығын жеткiздi.

«Су қорының көптiгi бiзге бақша дақылдарын өсiруге мүмкiндiк бередi. Үнем жасалады және адамдар жұмыспен қамтылады, бұл бiздiң алға қойып отырған мақсатымыз», — дедi өңiр басшысы.

Жұмыс сапарының соңында Құмар Ақсақалов Дружба ауылының тұрғындарымен кездестi. Есептi кезеңдегi дамудың нәтижесi мен 2018 жылдың жоспары жайлы Дружба округiнiң әкiмi Мулланур Ғабдулов сөз қозғады

«Жұмысқа қабiлеттi адамдар саны — 1113, маусымдық еңбектi қосқанда 1035-i жұмысқа орналасқан. Кәсiпорында 446 адам еңбек етедi, бюджет ұйымдарында — 138 қызметкер»,- дедi Мулланур Ғабдулов.

«Береке-Агро»ЖШС-нiң директоры Дәулет Сүлейменов агроқұрылымның жұмысы туралы айтып бердi. Компанияның егiстiк алқабы 23 мың гектарды құрайды, оның 15000 гектары — бидай, 1200-i –арпа, 1300-i жемазықтық дақылдар, 2000-ы — күнбағыс және қалған 3600-ы — пар. Мал шаруашылығымен айналысып, мал санын арттыруды жоспарлауда.

«Бiздiң мал шаруашылығымыз — еттi бағытта, қазақтың ақбас сиырлары. Барлығы 496 мал. Жыл сайын ЖШС 75 пайыз бұзау алады. Бұқаларды бордақылап, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша өткiземiз. Тайыншаларды мал басын көбейтуге қалдырамыз», — дейдi «Береке-Агро»ЖШС-нiң директоры Дәулет Сүлейменов.

Сапарды қорыта келе, өңiр басшысы Құмар Ақсақалов жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың кiрiсiн арттыруға назар аударды. Облыс әкiмiнiң сөзiне қарағанда, өндiрiстi кеңейтiп, қайтарылымдылығын арттыру қажет.