СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов: «Мемлекеттiк қолдау қайтарымды қажет етедi»

СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов: «Мемлекеттiк қолдау қайтарымды қажет етедi»

Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Тимирязев ауданында болды.

Барған бiрiншi нысан — Дмитриев орта мектебi. Ол 200 оқушыға шақталған, алайда онда қазiр 71 бала ғана оқып жатыр. Биыл бiрiншi сыныпқа 8 оқушы келiптi. Мектепте шағын орталық жұмыс сiтейдi.

Оқу орнының мәжiлiс залында өңiр басшысы ауыл тұрғындарымен кездестi. Құмар Ақсақалов әңгiменi жергiлiктi билiк ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлермен бiрге тұрғындардың өмiр сүру сапасын қалай жақсартып жатқандығын сұраудан бастады.

«Атқарушы билiк пен ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлер бiрлескен қимылмен ауылдықтардың кiрiсiн көтеруге тиiс. Бұл — ең маңыздысы. Қазiр бiз ненi iстеуге қолымыз жеттi және тағы ненi iстеу қажеттiгiн сараптамадан өткiзiп жатырмыз», — дедi Құмар Iргебайұлы.

Кездесу кезiнде Дмитриев ауылдық округiнiң әлеуметтiк-экономикалық дамуы туралы Тимирязев ауданының әкiмi Ербол Сағдиев айтты. Ол округте 3 ЖШС және 42 шаруа қожалығы жұмыс iстейтiндiгiне тоқталды.

«Бiздiң округте мал және өсiмдiк шаруашылығын дамыту үшiн барлық қолайлы жағдай жасалған. Ауыл шаруашылығын дамыту үшiн мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетiледi. Тұрғындардан қайтарым ғана талап етiледi. Дмитриев ауылдық округi ауданды кейiн қарай сүйреуде. Мысалы, басқаларда гектар басы 17 центнер болса, мұндағы шығымдылық 12 центнерден аспайды», — дедi Ербол Болатұлы.

Өз ауыл шаруашылығы құрылымының жұмысы туралы «ҚазАстықӨнiмдерi» ЖШС-нiң директоры Арслан Шаяхметов пен «Каршалов» ЖК басшысы Әлен Каршалов айтып бердi.

«Қаз Астық Өнiмдерi» ЖШС-да орташа айлық еңбекақы 59 мың теңгенi құрайды, өткен жылғыдан 2000 теңгеге көп. Өңiр басшысы Құмар Ақсақаловтың мәлiметiне қарағанда, аталмыш кәсiпорынды мемлекеттiк қолдау 4 млн. теңгенi құраған. Сондықтан еңбекақыны әжептәуiр көтеру арқылы сәйкес түрде қайтарым болады деп күтiлген едi.

Өз кезегiнде, өз бизнесiн өткен жылы ғана ашқан жас кәсiпкер Әлен Каршалов бақшашылық пен балық шаруашылығын белсендi дамытуда. Ондағы жалданушылардың жалақысы 60 мың теңге.

«Бiздiң ауылдық округ зор әлеуетке ие. Сұраныс бар, соған орай өткiзу де бар. Бiз қолмен жұмыс iстеп, экологиялық таза өнiм өндiремiз», — дедi жеке кәсiпкер.

Әрi қарай Құмар Ақсақалов Москворецкий ауылдық округiнде болды. Бiрiншi кезекте облыс әкiмi Москворецк ауылының әлеуметтiк маңызды нысандарымен танысты. Қазiр елдi мекенде дәмхананың құрылысы аяқталып, үйлер салу басталмақ.

Москворецк орта мектебiнде Құмар Ақсақалов оқу орнының материалдық-техникалық базасына қызығушылық бiлдiрдi. Оқу орнының директоры Қайыргелдi Қожиннiң сөзiне қарағанда, мұнда 22 мұғалiм жұмыс iстейдi, оның 8-i жоғары санатты. Жаңа оқу жылына 4 мультимедиа кабинетi жабдықталған. Қазiр 220 орындық мектепте 67 бала оқып жатыр.

Өңiр басшысының тұрғындармен кездесуi кезiнде ауылдық округтiң әкiмi Светлана Соболевская.баяндама жасады. Оның айтуы бойынша, бiр елдi мекеннен тұратын округте 591 адам түтiн түтетiп жатыр. Ауылда «Москворецкое» ЖШС жұмыс iстейдi.

Агроқұрылымның жұмысы туралы директор Болат Дүйсембаев айтып бердi. «Бiз дәндi және майлы дақылдар өсiрумен айналысамыз. Жалпы егiстiк алқап 28,5 мың гектар, оның егiлгенi 19 мың. Бүгiнгi күнi еңбеккерлердiң орташа айлық еңбекақысы 84 мың теңгенi құрайды», — дедi Болат Дүйсенбаев.

Кездесудi аяқтай келе, Құмар Ақсақалов жұмыс сапарын қорытындылады.

«Егiс алқаптарына кiрiс әкелетiн дақылдарды егу арқылы әртараптандыру жүргiзу керек. Бүгiн бiр тонна бидай — 43 мың, рапс — 120 мың, күнбағыс — 90 мың, жасымық — 200 мың теңге тұрады. Осы дақылдарды егу арқылы рентабельдiлiктi көтеруге, кеңеюге, лайықты еңбекақы төлеуге, үй және басқа нысандар салуға болады», — дедi өңiр басшысы.