Облыс әкiмi Құмар Ақсақалов Аққайың ауданына барды. «Леонов» ШҚ-ның сүт-тауар кешенiнiң жұмысымен танысты. Қожалық басшысы Павел Леоновтың айтуынша, 2015 жылы симменталь тұқымды 188 бас iрi қара мал алыныпты, оның санын 600 сиырға дейiн жеткiзу жоспарланған. Сүттi қайта өңдеу процесi қолға алынбақшы. Алдағы уақытта 12 жұмыс орны пайда болмақ.
Григорьев ауылдық округiндегi Трудовое селосында өңiр басшысы жергiлiктi тұрғындармен кездестi. Құмар Ақсақалов шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығын әртараптандыруға бар күш жүгерiн жұмсау керек дедi. Округте бүгiнге дейiн бiрде бiр ауыл кооперативi құрылмапты. Құмар Ақсақалов «Парнов» ЖШС-iн мардымсыз көрсеткiштер үшiн сынға алды. Бұл шаруашылық биыл гектар басынан 7 центнер астық алыпты, қарамағында 1 ғана жұмысшы бар. Облыс әкiмi жергiлiктi шаруаларды ауыл шаруашылығын дамытып, халыққа бар жағдайды жасауға шақырды.
Иванов ауылдық округiнде де өңiр басшысы ауыл тұрғындарымен кездестi. Қазiр округте 51 жұмыссыз бар, алдағы уақытта 24 жұмыс орны ашылмақшы. «Ивановка агро север» серiктестiгi 200 бас ұсақ қара мал және 50 бас iрi қара мал алмақшы. Бұған ғимарат дайын тұр, жем-шөп әзiрленген. «Үлгi Жер» ЖШС майлы дақылдардың алқабын 1800 гектарға ұлғайтпақшы.
Иванов орта мектебi 520 адамға шақталған. Алайда қазiр бiлiм ордасында тек 78 бала оқып жатыр. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң жұмысы мен халыққа деген көзқарасының нәтижесi деп атап өттi Құмар Ақсақалов.
«Ауылдағы өмiр сапасының өзгеруi шаруашылықтар үшiн басты басымдық. Әр ауылда оң өзгерiстер болуы тиiс», — деп сөзiн қорытындылады Құмар Ақсақалов.