«Тұлпар» кәсiби клубы СҚО аудандарында ат спортын дамытуда

«Тұлпар» кәсiби клубы СҚО аудандарында ат спортын дамытуда

Бескөлдегi ипподромда жазғы ат жарысы маусымының жабылу рәсiмi өттi. Шараға СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов қатысты. Спорт сүйер қауымның алдында сөз сөйлеген өңiр басшысы ат жарысы бiздiң ұлтымыз үшiн спорттың ерекше түрi, онымен ата-бабаларымыз көне дәуiрден берi айналысып жатқанын атап өттi. Солтүстiк өңiрде ат спортының дамуына ерекше көңiл бөлiнедi. Биыл «Тұлпар» атты кәсiби ат спорты клубы құрылды. Осының арқасында спортшылар Экспо аясында өткен жарыстарда және «Ақбидай» республикалық ойындарында өңiрдiң намысын қолдан бермедi. Ат спортын дамыту мақсатында кәсiби клубтың аудандарда бөлiмшелерi құрылып жатыр.

Облыс әкiмi ат маусымының жабылу рәсiмiне арналған арнайы этно ауылды аралады. Жергiлiктi қолөнер шеберлерi облыс әкiмiне төл бұйымдарын көрсетiп, дайын өнiмдi сату туралы баяндап бердi. Киiз үйде ұйымдастырылған көрмеде Құмар Ақсақалов жылқының үйретiлу тарихымен де жiтi танысты.