«Қарасай» стадионында Бiрiншi лиганың соңғы ойыны өттi. Алаңға «Қызылжар» мен «Екiбастұз» клубтары шықты. Ойынды облыс әкiмi Құмар Ақсақалов тамашалады.Матч тең есеппен аяқталды. Сөйтiп, солтүстiкқазақстандық клуб 44 ұпай жинап, бiрiншi лиганың күмiс медалiн жеңiп алды. Екiншi орын клубқа премьер-лигада ойнауға мүмкiндiк бередi.
Ойыннан соң «Қызылжар» футболшыларын күмiс медалмен марапаттау рәсiмi өттi. Бұл шараға арнайы Қазақстан кәсiптiк футбол лигасының президентi Азамат Айтқожин келдi.
Жанкүйерлердi жергiлiктi клуб келесi жылы премьер-лигада ойнай ма деген сауал мазалады. Өңiр басшысы Құмар Ақсақалов қызылжарлық фанаттарды қуантып тастады. «Қызылжар» премьер-лигада ойнайтын боп шешiлдi.
«Ең басты сұрақ: бiз премьер-лигаға барамыз ба? Әрине, қаржы мәселесi бар. Дегенмен, бiз премьер-лигада ойнауға бел буып отырмыз. Бұл сәттi жанкүйерлер 9 жыл күттi. Бүкiл облыс күттi. Бiздiң клуб елiмiздiң үздiк командаларымен ойнауға лайық», — деп атап өттi аймақ басшысы.
Айта кеткен жөн, келесi жылы жергiлiктi клуб 50 жылдық мерейтойын атап өтедi.