СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов пен Омбы облысының губернаторы Александр Бурков Челябiде өткен Қазақстан мен Ресей өңiраралық форумының аясында ынтымақтастық жөнiндегi екi жақты қосымша келiсiмге қол қойды. Құжатта барлық бағыттар бойынша бағдарламалар қабылданып, нақтыланды.
СҚО Ресей өңiрлерiмен тығыз қарым-қатынас орнатқан, оның iшiнде Омбы облысымен байланыс мықты.
«РФ сыртқы сауда айналымы өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда 31 пайызға артты. Жыл сайын бiрлескен кәсiпорындардың саны артуда. Бес жылда оның саны 40 пайызға өстi. Олар қазiр бюджетке 20 млрд теңге салық құйды», — дедi Құмар Ақсақалов Қазақстан мен Ресей журналистерiне берген сұхбатында.
Александр Бурков қазiр Қазақстанның солтүстiк аймақтарымен сауда айналымы зор екенiн, оның көлемi 240 млн долларға жеткенiн атап өттi.
«Бүгiн бiз СҚО-мен қосымша құжатқа қол қойдық. Онда ауыл шаруашылығы, бiлiм, мәдениет, кәсiпкерлiк салаларында атқарылатын шаралар нақты жазылған. Екi жақты келiсiм 2017-2020 жылдарға арналған. Машина жасау және агроөнеркәсiп бойынша бiраз iс тындырылды. Бiз жай ғана сауданы емес, терең өңдеудi айтып отырмыз», — дедi Александр Бурков.