Челябiде өткен Қазақстан мен Ресейдiң ХIV өңiраралық ынтымақтастығы форумы барысында СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов баяндама жасады.
Өңiр басшысы СҚО-ның Ресеймен сыртқы сауда айналымы биылғы жылдың 8 айында өткен жылмен салыстырғанда 31 пайызға өскенiн атап өттi. Бiрлескен кәсiпорындардың саны да артуда. Бес жылда олардың саны 40 пайызға артып, бүгiнде олар бюджетке 20 млрд теңге салық құйды. Ресейге мұнай-газ қондырғылары, спутниктiк стансалар, электроқшалау құрылғылар мен ауыл шаруашылығы өнiмдерi сатылады.
Облыс әкiмi көлiк инфрақұрылымына инвестиция көлемi соңғы екi жылда 3 есе артып, 80 млрд теңгеге жеткенiн айтып өттi. Петропавл әуежайы да қайта жаңартылды. «Оңтүстiк Орал темiр жолы» да шойын жолдардың жағдайын жақсартты. Келесi жылы Омбы, Қорған және Түменге баратын жол қалыпқа келедi. Соның аясында ресейлiк туристердiң саны 15 пайызға артады деп күтiлуде.
Құмар Ақсақалов балабақшалар мен оқушылар сарайының салынуы, тегiн бiлiм беру туралы да баяндады.
«Өңiраралық форум — бұл пiкiр алмасуға әрi ресейлiк әрiптестермен маңызды сұрақтарды талқылауға арналған үлкен мүмкiндiк. Бүгiн бiз Омбы, Қорған және Түмен облыстарымен мәселелердi шұғыл шешу мақсатында ай сайын кездесiп отыруға келiстiк», — дедi өңiр басшысы.
ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев келесi форумды туризмдi дамыту тақырыбына арнап, Петропавл қаласында өткiзудi ұсынды.