СҚО-да ҚР Тұңғыш Президентi күнi қарсаңында әлеуметтiк маңызы бар нысандар, жаңа өндiрiс ошақтары мен көпқабатты үйлер ашылуда. Петропавлда екi 100 пәтерлi үй салтанатты түрде ашылды. Қоныс иелерiн атаулы күнмен облыс әкiмi Құмар Ақсақалов құттықтап, пәтер кiлттерiн табыс еттi. Бұл жалгерлiк-коммуналды үйлер «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында әлеуметтiк тұрғыда қорғалмаған азаматтарға салынды. Өз сөзiнде өңiр басшысы аталмыш топқа үйлер көп жылдардан берi алғаш рет салынып тұрғанын атап өттi.
Пәтерге соғыс ардагерi, жетiмдер, ауған соғысының ардагерлерi, көпбалалы отбасылар, мүгедектер, оралмандар және басқалары ие болды.
Жалпы облыс бойынша тұрғын үй саясаты сәттi жүзеге асуда. Жыл соңына дейiн тағы екi жалгерлiк-коммуналды үй тапсырылады. 75 пәтерлi ипотекалық үй қолданысқа берiледi. Өткен жылмен салыстырғанда баспана көлемi 122 пайызға артты. 2017 жылдың соңына дейiн 200 мың шаршы метр баспана пайдалануға берiлмек.
Келесi жылы құрылыс қарқыны арта түседi. 2018 жылы 1660 пәтерге шақталған 15 көпқабатты үй салынбақ. Сондай-ақ, «Нұрлы Жер» аясында Солнечный кентiнде бiрпәтерлi 208 үй бой көтередi.