СҚО зауыттары жаңғырту жұмыстарын жүргiзуде

СҚО зауыттары жаңғырту жұмыстарын жүргiзуде

Облыс әкiмi Құмар Ақсақалов Петропавл ауыр машина жасау зауыты және Киров атындағы зауытты аралады. Қазiр қос зауытта технологиялық жаңғырту процесi жүрiп жатыр.

«Бiзде бәсекеге қабiлеттi болу үшiн қондырғылар жетiспейдi. Ескi қондырғылар қолбайлау болып тұр. Қазақстан Президентiмен келiсiм бойынша бiздiң зауыттарға жаңғырту жүргiзу үшiн қаражат бөлiнедi. Сөйтiп, зауыттарға екiншi дем беремiз», — дедi Құмар Ақсақалов.

Қазiр елiмiзде жаппай цифрландыру жүрiп жатыр. Киров атындағы зауыт осы процесте ерекше орынға ие болу керек.

«Бүгiн Президент цифрландыру туралы көп айтты. Киров атындағы зауыт электрондық өнеркәсiптiң орталығына айнала алады. Қазiр бұл жобаларға қаржы бөлiнедi. Цифрлы Қазақстан аясында өз өнiмдерiмiздi өткiзуге үлкен мүмкiндiк бар», — деп атап өттi өңiр басшысы.

Зауыттардың iшкi және сыртқы келбетi де маңызды. Жуық арада зауыттар ғимараттарды жөндеуге кiрiседi. «Бiздiң зауыттар заман талабына сай», — болуы қажет дедi Құмар Ақсақалов.