Солтүстiк Қазақстанда Тәуелсiздiк Күнi аталып өтiлдi

Солтүстiк Қазақстанда Тәуелсiздiк Күнi аталып өтiлдi

Петропавлда ҚР Тәуелсiздiгi Күнiне орай салтанатты жиын өттi. Жиналғандарды елдiң бас мерекесiмен облыс әкiмi Құмар Ақсақалов құттықтады.

«Өткен жылы ғана ширек ғасырлық мерейтойын атап өткен жас мемлекет жаңа дәуiр, баянды ертеңiмiз үшiн аса маңызды тағы бiр белеске бет бұрды. Қазақстан саяси және экономикалық жаңғырулардың өзегiне айналатын рухани жаңғыру мәселесiн қолға алды. Ата-бабамыз арман еткен «Мәңгiлiк ел» құру мiндетi тағы да бiздiң буынымызға бұйырды. Қоғамдық сананы жаңғырту, өткен тарихымыздан тағылым алып, ертеңгiге мол мұрамызды, салт-дәстүрiмiздi, рухани байлығымызды жеткiзу мiндетi қойылды. Бұл — кешегi мен ертеңiмiздi үйлестiретiн жаңа кезең», — деп атап өттi Құмар Ақсақалов.

Дәстүрге сай марапаттау рәсiмi де өттi. Өңiр басшысы Тимирязев ауданының әкiмi Ербол Сағдиевтi «Парасат» орденiмен марапаттады. Бiрнеше солтүстiкқазақстандық «Құрмет» және «Еңбек Даңқы» ордендерiне ие болды. «Ерлiгi үшiн» медалi баланы судан құтқарам деп, қаза болған Нұрислам Жұмабековке берiлдi. Медалдi әкесi Қанат Құнжанов алды. Сондай-ақ «Ерен еңбегi үшiн» және «Шапағат» медалдары өз иелерiн тапты. ҚР Құрмет грамотасымен 10 адам марапатталды.

Салтанатты жиын мерекелiк концертке ұласты. Сахнада жергiлiктi әншiлер, ансамблдер мен би ұжымдары өнер көрсеттi. Қонақтарға облыстық мәдениет басқармасының бастығы Ермек Рақымов та ән шырқады. Астанадан арнайы келген эстрада жұлдыздары Жанар Дұғалова мен Сон Паскаль кештiң көркiне айналды.