Тәуелсіздік күніне орай Петропавлда заманауи City Mall сауда-ойын-сауық орталығының ашылу салтанаты өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарды осынау оқиғамен облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады.
«Бүгін біз қалаға өте қажет нысанды ашып отырмыз. Инвестиция көлемі 2,7 млрд.теңгені құрады. 600-ден аса тұрақты жұмыс орны ашылды, оның саны мыңға дейін жетеді. Қазір қалада тағы бір сауда орталығы Конституция көшесінде салынып жатыр. Келесі жылдың күзінде қолданысқа беріледі!», — деді өңір басшысы.
Кешеннің бірінші қабатында супермаркет, тұрмыстық техника және құрылыс заттары дүкендері, екінші қабатында өндірістік тауарлар дүкені, ал үшінші қабатта ойын сауық орталығы орналасқан. Келушілерге орталық қызметтің түр-түрін көрсетеді: кинопарк, мейрамхана, дәмхана, балалар алаңы, фуд-корт, боулинг, батут орталығы және бренд дүкендері. Автотұрақ 500 көлікке шақталған. Кешеннің жалпы аумағы 25 мың шаршы метрді құрайды.