Петропавлда өткен Президент шыршасында 600 бала мұз қойылымын тамашалады

Петропавлда өткен Президент шыршасында 600 бала мұз қойылымын тамашалады

Петропавлда алғаш рет спорт сарайының мұз айдынында ҚР Президентi атынан ауқымды жаңажылдық қойылым өттi. Мұз шоуы барлық балаларға нағыз жаңажылдық сыйлық болды. Президент шыршасының тақырыбы Астананың 20 жылдығына арналды. Мерекелiк шараға облыс әкiмi Құмар Ақсақалов қатысты.

Жаңажылдық мейрамға үздiк оқушылар, көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардың балалары, мүгедек және жетiм балалар қатысты. Айта кету керек, биыл шырша көп баланы қамту үшiн жаңа форматта өткiзiлуде. Егер өткен жылдары мерекеге 200 бала шақырылса, биыл 300 бала қатысып отыр. Петропавлдың мектептерiнен 300 оқушыны қосып қойыңыз. Жалпы, 600 бала әдемi кештiң куәсi болды.

Елбасы балаларға бейне сәлемдеме жолдап, келе жатқан жаңа жылмен құттықтады.

«Қымбатты балалар, баршамыз асыға күтетiн жарқын мереке Жаңа жылға санаулы күндер ғана қалды. Мен сiздердi алда келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын. Осынау шырша тойы естерiңде қалатын ерекше кеш болады деп сенемiн. Сендер берекелi, бейбiт елде өсiп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Халқымыз «өсер елде өскелең ұрпағынан таниды» деген сөздi бекер айтпаған. Ата-ананың үкiлi үмiтiн ақтайтын да, туған елiмiздiң асқақ рухын сақтайтын да мына сендер. Сондықтан бiз ақылды да алғыр, зерделi де зерек болғандарыңызды қалаймыз», — деп құттықтады Нұрсұлтан Назарбаев.

Мерекенiң кiшкентай қонақтары Президенттiң атынан планшет, кiтап және тәттi сыйлықтар алды.

Жас солтүстiкқазақстандықтарды келе жатқан мерекемен облыс әкiмi Құмар Ақсақалов та құттықтады.

«Жаңа жыл алдында Қазақстан Республикасының Президентi — Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың атынан ұйымдастырылған жасыл шырша жанында жас достармен жүздесу жақсы дәстүрге айналған. Сендер — тәуелсiздiк таңында дүниеге келген азат елдiң ұланысыңдар. Бiздiң бүгiнгi атқарып жатқан ұлан-ғайыр iстерiмiз елiмiздiң болашағы — сендерге арналады. Үлкен аға, апаларың сендер жақсы, жылы мектепте оқысын, заманауи спорт залдарында спортпен шұғылдансын, ешкiмнен кем болмай шығармашылықпен айналыссын деп барлық жағдайды жасап жатыр», — деп атап өттi өңiр басшысы.

Өз кезегiнде Балалар үйiнiң тәрбиеленушiсi Николай Ткаченко мен Петропавлдағы 5-шi мектептiң оқушысы Аделия Құсайынова осынау мереке үшiн алғыстарын бiлдiрдi.

Театрландырылған мұз қойылымы бүгiнгi кештiң көркiне айналды. Оған мәнерлеп сырғанаудың жас шеберлерi, қаланың үздiк шығармашылық ұжымдары, театр актерлерi қатысты. Барлығы 300 адам жұмылдырылды. Кәсiби мәнерлеп сырғанау шеберлерiнiң қойылымы балалар үшiн тосын сый болды.