СҚО әкiмi есептiк кездесулерде формализмге жол бермеуге шақырды

СҚО әкiмi есептiк кездесулерде формализмге жол бермеуге шақырды

2017 жылы барлық деңгейдегi әкiмдердiң есептiк кездесулерiне 66 807 адам қатысты. 2140 ұсыныс келiп түстi. Бұл жөнiнде облыстық әкiмдiктiң отырысында СҚО әкiмi аппаратының басшысы Қанат Сәрсембаев баяндады. Қойылған сұрақтардың негiзгi денi тұрғын-ұй коммуналдық шаруашылығы, абаттандыру, жол құрылысы әлеуметтiк нысандарды салу және жөндеу мәселелерiнен тұрады. 2140 сұрақтың 959-ы бақылауға алынды, 1181 сұрақ сол жерде шешiлдi. 25 желтоқсандағы мәлiмет бойынша 959 сұрақтың 945-ы шешiлдi.

Облыс әкiмi Құмар Ақсақалов есептiк кездесулерде қойылған сұрақтардың 100 пайызға шешiлуi шындыққа жанаспайтындығын атап өттi. Кейбiр мәселелердi шешу көп уақытты алады, кей кезде республикалық бюджеттiң көмегiне жүгiнуге тура келедi. Барлығын тұрғындарға түсiндiру керектiгiн атап өттi Құмар Ақсақалов. Сондай-ақ, өңiр басшысы қол астындағыларға формализмнен құтылып, залды бюджет саласының қызметкерлерiмен толтыруды доғару қажет дедi.

Жиын соңында аймақ басшысы барлығын келе жатқан жаңа жыл мерекесiмен құттықтады.