Петропавлдағы жаңа шағын ауданда биыл 211 бiрпәтерлi үй бой көтередi

Петропавлдағы жаңа шағын ауданда биыл 211 бiрпәтерлi үй бой көтередi

Облыс әкiмi Құмар Ақсақалов Солнечный кентiндегi жаңа шағын ауданның құрылысымен танысты. Қазiр мұнда 72 бiрпәтерлi үйлердiң құрылысы жүрiп жатыр. Бiрқабатты үш бөлмелi үйлердiң жалпы аумағы 72 шаршы метр. Мамырдың соңына дейiн 35 үй салынса, қалған тамызда қолданысқа берiледi. Үйлердi Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi арқылы алуға болады. 1 шаршы метрдiң құны 120 мың теңге.

Сондай-ақ 139 бiрпәтерлi үйлердi салуға «Құрылыс-Сервис-СК» серiктестiгiмен келiсiм жасалды. Бұл үйлерде жалпы аумақ 89 шаршы метрдi құрамақ. Үйлерге барлық су, жылу, электр желiлерi тартылған. Инженерлiк желiлердi тартуға 1,3 млрд. тг жұмсалды. Жалпы, бұл бағытқа 8 млрд тг қажет. Сөйтiп, 3 жылда шағын ауданда 2094 бiрпәтерлi үй көтермек.

Өңiр басшысы үйлердiң бiрыңғай сәулет стилiнде болу керектiгiн баса айтты. Бұған қоса, ауданды көгалдандыруға да қаржы бөлiнедi. Құмар Ақсақалов екiқабатты таунхаустардың да құрылысын бастау қажеттiгiн айтты. Қазiр 56 екiқабатты үйдi салуға арналған жоба дайындалу үстiнде. Болашақта шағын орталығы бар мектеп те бой көтермек.