СҚО әкiмi: Бизнестiң дамуына кедергi жасағандардың аты жөнiн атаңдар

СҚО әкiмi: Бизнестiң дамуына кедергi жасағандардың аты жөнiн атаңдар

Облыс әкiмi Құмар Ақсақалов кәсiпкерлiк және туризм басқармасының кеңейтiлген алқа отырысында өңiрде бизнестiң дамуына кедергi келтiрiп отырған мемлекеттiк органдарды атауды сұрады.

«Бiз мемлекеттiк органдардың жұмысына жыл қорытындысы бойынша кәсiпкерлер баға берсiн деген болатынбыз. Бүгiн бизнестiң дамуына кiм кедергi болды, кiм көмектеспедi және керiсiнше кiм көмек жасады, соны бiлгiмiз келедi», — дедi Құмар Ақсақалов.

СҚО кәсiпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов қазiр облыстық жер қатынастары басқармасы және қалалық жер қатынастары бөлiмiне сұрақтар бар екенiн мәлiмдедi. Осы күнге дейiн Петропавлда жер комиссиясы құрылмапты. Қазiр консультативтiк-кеңес беру органының жартысын кәсiпкерлермен, қалған жартысын мемлекеттiк органдармен толтыру ұсынысы бар.

Өңiр басшысы аталмыш органдарда бизнесмендердiң үлесi артық болу керек дедi.

«Кеңес беру органдарында бизнес және үкiметтiк емес ұйымдары өкiлдерiнiң үлесi әлдеқайда артық болу керек. Шенеунiктерге азғана квота қалдырыңыздар. Тексерiс бұл органдарда 90 пайызы шенеунiктер екенiн көрсеттi. Олар бизнестiң көзқарасын есепке алған жоқ», — деп атап өттi өңiр басшысы.