СҚО-да ауыл шаруашылығы факультетiн құру жоспарланып отыр

СҚО-да ауыл шаруашылығы факультетiн құру жоспарланып отыр

Облыстық бiлiм басқармасының кеңейтiлген алқа отырысында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов аграрлы аймақта ауыл шаруашылығы бағытындағы факультеттiң жоқ екенiн айтты.

«Аграрлық аймақта ауыл шаруашылығы саласы мамандарын дайындайтын факультет жоқ. Бiздiң балалар Көкшетау, Қостанай және Астанаға барып оқып жүр. Керiсiнше, бiзде оқу керек, басқа өңiрлерден бiздiң университетке келiп бiлiм алу керек қой. Бұнда жер құнарлы, тиiсiнше, үздiк мамандар және ғалымдар, технологиялар бiздiң өңiрден шығу керек. Қазiр университет басшылығы алдында осындай мiндет тұр. Бiз қазiр ауыл шаруашылығы министрлiгiмен осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз», — дедi Құмар Ақсақалов.

СҚМУ-де медициналық факультет те құрылып жатыр. Педагогика саласында мамандардың тапшылығын жою мақсатында облыстық бюджеттен қаржы бөлiнiп, 75 грант тағайындалды.

Облыс әкiмi «Серпiн» бағдарламасы бойынша бiлiм алып жатқан студенттерге қолдау көрсетiп, барлығын жұмыспен қамтуды тапсырды. Қазiр университетте 127 қыз-жiгiт оқуларын тәмамдауға жақын. Колледждерде биыл 192 студент түлек атанады.