Жаңа жылдық безендiруден жиналған қаржы Петропавл аулаларын абаттандыруға бағытталады

Жаңа жылдық безендiруден жиналған қаржы Петропавл аулаларын абаттандыруға бағытталады

Облыс әкiмi Құмар Ақсақалов Петропавл қаласы әкiмi Марат Тасмағанбетовтың қорытынды есептiк кездесуiне қатысты. Өңiр басшысы қала әкiмiне бiрқатар тапсырмаларды жүктедi. Оның бiрi қала маңында азық-түлiк белдеуiн құру. Жыл сайын өңiрге 13 млрд теңгенiң өнiмi әкелiнедi. Оның 80 пайызын Петропавл тұрғындары тұтынады.

«Бiрiншi кезектегi тауарларды бiз өзiмiз өндiруiмiз керек. Сөйтiп, бағаны ұстап тұра аламыз. Бұл қала әкiмiнiң басты мiндетi. Бұл мәселенi аудан әкiмдерiмен бiрлесiп шешу керек», — дедi Құмар Ақсақалов

Петропавлда биыл тек бiр ғана iрi кәсiпорын iске қосылмақшы. Бұл аздық етедi дедi өңiр басшысы. Әсiресе, өнеркәсiп аймағында бос тұрған 30 шақты ғимаратты қалыпқа келтiрiп, жаңа өндiрiс ошақтарын ашу қажет. Тиiсiнше, жаңа жұмыс орындары пайда болады.

Биыл тұрғын үй құрылысына да қарқын қосылады. Былтыр 1000 пәтер қолданысқа берiлсе, биыл 1223 отбасы қоныс тойын тойлайды. Алайда, қарқынды құрылыс үйлердiң сапасына нұқсан келтiрмеу керек.

«Мен тұрғындардан салынған баспана талапқа сай емес дегендi естимiн. Пәтерлер суық, қажеттi құрылыс материалдар қолданылмайды. Қоғамдық бақылау керек. Мiндеттерiн дұрыс атқармаған құрылыс компанияларын қара тiзiмге енгiземiз», — дедi аймақ басшысы.

Биыл қалада саябақтар да көбейедi, бұл бағытқа қаржы қарастырылды. Былтыр 106 ауланы абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргiзiлдi. Биыл бұл бағытқа рекордтық 600 млн теңге бағытталмақ.

«Биыл бiз осы бағытқа арнайы қаржы бөлiп, 200 ауланы қалыпқа келтiремiз. Бұған жаңа жылдық безендiруден жиналған қаражат да бағытталады», — деп атап өттi облыс әкiмi.

Биыл Пестрое көлiнiң жағажайы да кеңейтiлiп, абаттандырылады.