СҚО-да биоэтанол өндiрiсi басталды

СҚО-да биоэтанол өндiрiсi басталды

Бүгiн Солтүстiк Қазақстан облысындағы Bio Operations зауытында күрделi жаңғыртудан кейiн биоэтанол өндiру желiсi iске қосылды. Осылайша, бидайды терең өңдеудiң финалдық кезеңi аяқталды. Биозауыт толығымен жанданды. Францияның заманауи қондырғылары орнатылды. Бұған дейiн крахмал және глютен шығаратын екi желi iске қосылды. 450 тұрақты жұмыс орны ашылды. Жалпы инвестиция көлемi 12 миллиард теңгенi құрайды. Бүгiнгi күнге дейiн компания 500 миллион теңгеден астам салық төлеген.

Биоэтанол — күрделi өндiрiстiк процестерде алынатын соңғы және негiзгi өнiм. Нарықта биоэтанол үлкен сұранысқа ие.

«Биоэтанолды Павлодар мұнай өңдеу зауытына жеткiзу туралы келiсiмшарт жасалды. Бастапқы кезеңде 20 мың тонна биоэтанол өндiру жоспарлануда. Кейiн көлемiн бiртiндеп 36 мың тоннаға дейiн ұлғайтады. Осылайша, бұл өнiмге деген елдiң қажеттiлiгiн толығымен жабатын боламыз», — дедi Құмар Ақсақалов.

Өңiрде бидайды қайта өңдеуге қатысты бiрнеше жоба жүзеге асуда. Зауыттың жылдық өңдеу қуаты 300 мың тоннаны құрайды. Өндiрiске арналған шикiзат — жергiлiктi. Қуаттылығы 360 мың тонна «Kaзмил» қоспажем фабрикасы бар. «Байрек» қоспажем зауытында қайта жаңарту жұмыстары жүргiзiлуде. Облыстағы бидайды қайта өңдеу үлесiн 90% дейiн жеткiзу мiндетi тұр.