Бұл жөнiнде өңiр басшысы Құмар Ақсақалов ҚР Денсаулық сақтау министрi Елжан Бiртановтың СҚО-на жұмыс сапары кезiнде айтты. Өңiрдiң медицина қызметкерлерiнiң қатысуымен өткен кездесуде Құмар Ақсақалов әлеуметтiк желiлер арқылы медициналық нысандардың жұмысына көп сын айтылатынын жеткiздi. Қалалықтар емханалардағы ұзын-сонар кезекке наразы. Бұған №1 емханаға ескертусiз барған облыс әкiмi көз жеткiздi.
«Бiз әлеуметтiк желiлердi бақылап отырамыз. Менiң атыма денсаулық сақтау жүйесi бойынша көптеген сұрақтар келедi. Басты мәселелердiң бiрi — емханалардағы ұзын кезектер. Өткенде мен ешкiмге айтпай емханаға бардым. Онда ұзын-сонар кезектер, адамдар сағаттап тосып отырады. Бас дәрiгер өз кабинетiнде отыр. Бұндай жағдайлар болмас үшiн жұмысты жүйелi жүргiзу керек. Қазiр ақпараттық технологиялар бұған мүмкiндiк бередi. Мен жағдаймен танысу үшiн осылай күтпеген кезде қонаққа келiп тұратын боламын», — дедi Құмар Ақсақалов.
Өңiр басшысы дәрiгерлердiң жұмысына баға беру үшiн электрондық бағалау жүйесiнiң енгiзiлетiндiгiн мәлiмдедi. Осылайша, тұрғындар қызмет көрсету сапасына баға қоя алады.
Облыста тар шеңберлi мамандар тапшы.
«Бiзде тар мамандар жетiспейдi. Қалада балалар кардиологы жоқ. Облыста бiр ғана балалар гематологы жұмыс iстейдi. Петропавлда аллерголог жоқ. Баспана мәселесiн шешiп, осы мамандарды тартамыз», — дедi облыс әкiмi.
Әлеуметтiк желiлерде емханалардың жетiспеушiлiгi туралы да айтылып жүр. Құмар Ақсақалов Петропавлда көп салалы аурухана бой көтередi дедi.
Бұл мәселелер тұрғындарды Ресейге барып емделуге итермелейдi. Өңiр басшысы адамдар өзiмiзде емделу керек, ол үшiн бар жағдайды жасаймыз деп атап өттi.
Елжан Бiртанов СҚМУ-да медициналық факультеттiң ашылуы мамандардың жетiспеушiлiгiн азайтуға көп септеседi дедi. Министрдiң айтуынша, министрлiк биылдың өзiнде жергiлiктi университетке мамандарды дайындауға мемлекеттiк тапсырыс беруге дайын.
Облыстық ауруханада министрге «АнтиИнсульт» мобилдi WEB-қосымшасының жұмысы таныстырылды. Елжан Бiртанов онкологиялық диспансерде «Oncoscreen» мобилдi қосымшасының артықшылықтарын көрдi. Терапия мен жан-сақтау бөлiмшелерiн жалғайтын өткелдiң де құрылысымен танысты.
Министр облыстық жедел қызмет көрсету орталығы және Қызылжар аудандық ауруханасына да барды.