Петропавлдағы 300 үйдiң тұрғындары Наурыз мейрамын тойлайды

Петропавлдағы 300 үйдiң тұрғындары Наурыз мейрамын тойлайды

Бүгiн облыстық әкiмдiктiң отырысында Наурыз мейрамын тойлау тақырыбы талқыланды. Петропавл қаласының әкiмi Марат Тасмағанбетовтың айтуынша, Наурыз басты алаң және орталық алаңда, «Сити Молл» сауда үйiнiң жанында және Былғары зауыты кентiнде тойланады. Аулаларда да мерекенi тойлау қанатын кеңге жаяды. Биыл 300 тұрғын үй мерекелiк шаралармен қамтылады.

Мәдениет басқармасының басшысы Ермек Рақымов басты алаңда орналасатын киiз үйлер жайында сөз қозғады. Бiрiншi киiз үйде некеге тұруға қатысты салт-дәстүрлер көрсетiлсе, екiншiсiнде баланың туылуына қатысты әдеп-ғұрыптарды тамашалауға болады. Үшiншi киiз үйде қазақтың ұлттық аспаптары, төртiншiде ұлттық саятшылық өнерi, бесiншiде ұлттық киiмдер және алтыншысында ұлттық ыдыстар көрсетiледi.

Облыс әкiмi интерактивтi бөлiмге ерекше көңiл бөлудi тапсырды.

«Наурыз мейрамын тойлау кезiнде интерактивтiң болғаны өте маңызды. Қонақтарды мерекенi тойлауға тартуымыз қажет. Ерiктiлердi дайындап қою керек», — дедi Құмар Ақсақалов.

Мейрамның тағы бiр көркi — «Сал серiлердiң серкесi» атты ақындар айтысы болмақ. Сегiз Серiнiң 200 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған додаға 11 облыс өз ақындарын үкiлептi. Меценаттардың көмегiмен басты жүлде автокөлiк болса, бiрiншi орынға 1 миллион теңге тiгiлiп отыр.