Петропавлда Наурыз мейрамын тойлауға 30 мың адам шықты

Петропавлда Наурыз мейрамын тойлауға 30 мың адам шықты

Солтүстiк Қазақстанда елiмiздiң басты мерекесi — Наурыз мейрамы кеңiнен тойланды. Ұлыстың ұлы күнi мерекелiк шаралар облыстық әкiмдiктiң жанындағы басты алаңда, қалалық әкiмдiк маңындағы орталық алаңда, «City Mall» сауда үйiнiң жанында, Былғары зауыты және Заречный кентiнде, үйлердiң аулаларында аталып өтiлдi. Жалпы, қала бойынша 13 киiз үй бой көтердi.

Басты алаңға жиналған қалың қауымды мерекемен облыс әкiмi Құмар Ақсақалов құттықтады. Өңiр басшысы мейрам тек облыс орталығында ғана емес, өңiрдiң барлық елдi-мекендерiнде тойланып жатқанын атап өттi.

Басты алаңда орналасқан киiз үйлердiң есiгi әркiмге ашық болды. Киiз үйлерде үйде некеге тұруға қатысты салт-дәстүрлер, баланың туылуына қатысты әдеп-ғұрыптар, қазақтың ұлттық аспаптары, ұлттық саятшылық өнерi, ұлттық киiмдер және ыдыстар көрсетiлдi.

Әз-Наурызда алаңда палау фестивалi, қолөнершiлер көрмесi, балалар фестивалi ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтар тегiн Наурыз көже, палау, бауырсақтан дәм татып, шай iштi.

Аулаларда да мерекенi тойлау қанатын кеңге жайды. Петропавлда 300 үйдiң тұрғындары бiр кiсiдей жұмылып, қазақтың жаңа жылын қарсы алды. Көршiлер бiр-бiрiн мейраммен құттықтап жатты. Бай дастархан жайылып, әндер шырқалды. Облыс әкiмi Уәлиханов, 48 көшесiндегi ауланың тұрғындарын Әз-Наурызбен құттықтады. Өңiр басшысы бiр үйдiң баласындай жұмылып Наурызды тойлап жатқан тұрғындарға алғысын бiлдiрдi. Аймақ басшысы Былғары зауыты кентi тұрғындарын да мейраммен құттықтады.

Жалпы, мереке күнi алаңдарға және үйлердiң аулаларына Әз-Наурызды тойлауға 30 мыңға жуық адам шықты.