
Петропавлда СҚО әкiмiнiң қатысуымен алғашқы жабық футбол манежi ашылды. Аталмыш оқиғамен футболшыларды өңiр басшысы құттықтады.
Құмар Ақсақалов футболшылар бұдан былай жыл он екi ай доп тебе алатындығын айтты. Әсiресе, бұл нысан Премьер-лигада ойнайтын «Қызылжар» футбол клубына ауадай қажет едi.
«Ең алдымен бұл манеж «Қызылжар» клубына қызмет етедi. Бiз осы нысанды әдейi салдық, аяқ доп шеберлерiне барлық жағдайды жасадық. Өткен екi ойын бiздiң клубтың азулы екенiн көрсеттi. Бiздiң жанкүйерлер жергiлiктi клубқа зор үмiт артады. Бұл манежде жас футболшыларымыз да доп тебетiн болады», — дедi Құмар Ақсақалов.
Манежде «Қызылжар» футбол клубының таныстырылымы өттi. Клубтың капитаны Әли Әлиев өңiр басшысына зор қамқорлығы үшiн алғысын айтып, алдағы ойындарда команда жақсы нәтиже көрсетедi деп сендiрдi. Әли Әлиев облыс әкiмiне команданың мерейтойлық белгiсi мен шарфын табыс еттi.
Манеждiң жалпы аумағы 2 мың шаршы метрден асып жығылады. Ең алғаш болып футбол манежiнiң алаңына жас футболшылар шықты.
Атап өткен жөн, былтыр Петропавлдағы үйлердiң аулаларына және мектептердiң жанына 9 шағын футбол алаңы орнатылды.