
АҚШ дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Джон Марк Поммершайм Солтүстiк Қазақстан облысына екi күндiк жұмыс сапарымен келдi. Облыстық әкiмдiкте өңiр басшысы Құмар Ақсақалов пен Джон Марк Поммершайм кездесу өткiзiп, екi жақты ынтымақтастықты дамытуды әңгiме арқауына айналдырды.
Облыс әкiмi жыл басында Елбасының АҚШ-қа жасаған тарихи сапары екi елдiң қарым-қатынасына ерекше серпiн бергенiн атап өттi. Қазiр елiмiзде 300 американдық компания жұмыс iстейдi, олар экономикаға 50 млрд. доллар инвестиция құйды.
«Бiздiң өңiр әзiрше американдық компаниялармен тiкелей жұмыс iстемейдi. Сiздiң сапарыңыздан соң АҚШ компанияларымен байланыс орнатамыз деген үмiттемiн. Әсiресе, машина жасау саласында ұзақ мерзiмдi келiсiмдерге қол қоюға болады. Петропавлдағы 20 шақты ғимаратты инвесторларға беруге дайынбыз», — дедi Құмар Ақсақалов.
«Сiз екi елдiң арасындағы қарым қатынастың үлкен қарқынмен дамып келе жатқандығын дұрыс атап өттiңiз. АҚШ Қазақстандағы ең iрi инвестор болып табылады. Ауыл шаруашылығы саласында белсендi жұмыс жасаймыз, бұл саланың болашағы зор. Маған сiздiң өңiрiңiздегi басым бағыттар қандай, әр түрлi салалардың қалай дамып жатқаны қызық болып тұр», — деп атап өттi Джон Марк Поммершайм.
Кездесу соңында өңiр басшысы аталмыш кездесу СҚО мен АҚШ арасында байланыстың нығаюына септiгiн тигiзетiндiгiне сенiмiн жеткiздi.