Ботаникалық бақ пен Аквапарк бiрегей кешенге айналады

Ботаникалық бақ пен Аквапарк бiрегей кешенге айналады

Облыстық әкiмдiкте өңiр басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен қала құрылысы кеңесiнiң отырысы өттi. Жиында облыс орталығын көркейту, сәулет мәселелерi қаралып, даму перспективалары анықталды.

Биыл Петропавл қаласы қатты өзгерiске ұшырайды. Қаланың құрылысы кешендi түрде жүргiзiлмек. Қалада шағын сәулеттiк формалар және инсталляциялар қойылады. Бұл жұмысқа үздiк дизайнерлер мен оқу орындары тартылады. Салынып жатқан тұрғын үй кешендерiнде жаяу жүргiншiлер аймақтары және аллеялар пайда болады.

Биыл қаланың туристiк нысандарына да көп көңiл бөлiнедi.

«Бiздiң туристiк нысандарға ботаникалық бақ пен аквапарк кiредi. Бақтың құжаттарын тiркеп болғасын, ол қалалық бiлiм бөлiмiнiң құрамында болады. Оранжереяны дамытамыз. Бақ пен аквапаркты бiрегей кешен қылып, қосамыз. Оған қоса, аумағын ұлғайтып, жануарлар бағын жасаймыз. Бұл жер балалар мен ересектердiң сүйiктi жерiне айналуы тиiс», — дедi Құмар Ақсақалов.

Сондай-ақ, Петропавлда тақырыптық аялдамалар қойылады. Заманауи аялдамалар мұз сарайы, стадион, кiтапхана, мектеп және театрдың көркiне айналмақ.

Облыс әкiмi сұр қаламыз күн санап көркейiп, жайнай түсу керектiгiн баса айтты.