СҚО әкiмдiгiнiң отырысында халық көп жиналатын нысандардағы өрт қауiпсiздiгiнiң жағдайы талқыланды. Төтенше жағдайлар жөнiндегi департаменттiң басшысы Рамиль Камаловтың айтуынша, жыл сайын облыста 1855 нысан тексерiстен өтедi, оның 46 пайызы адам көп жиналатын нысандар. 2017 жылы бұл санаттағы 17 нысан тексерiлiп, 70 кемшiлiк анықталған, 600 мың теңгеден аса айыппұл салынды.
30 шақты сауда ойын-сауық орталықтары да қатаң бақылауда. Қазiр бұл кешендерде кезектен тыс өрт-тактикалық жаттығулар өткiзiлуде. Бас Прокуратура және IIМ-нiң тапсырмасымен 55 iрi нысанда тексерiстер жүргiзiлуде. Бүгiннiң өзiнде 18 нысан тексерiлiп, 79 кемшiлiк анықталды, 9 азамат әкiмшiлiк жауапқа тартылды.
СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов кәсiпкерлердi жазалау тәжiрибесiнен алшақтап, мемлекеттiк органдар мен бизнесмендер құрылыс кезiндегi кемшiлiктердi бiрiге отыра жою керек дедi.
«Мемлекеттiк органдардың мақсаты бизнеске кедергi жасамау, жобаны iске асыру кезiнде мейлiнше көмектесу. Қазiр көптеген нысандар салынып жатыр. Құрылыс аяқталғаннан кейiн емес, қазiр қандай кемшiлiктер бар екенiн айту керек», — дедi Құмар Ақсақалов.
Өңiр басшысы барлық iрi сауда ойын-сауық орталықтарын тексеруге тапсырма бердi. Әсiресе, эвакуациялық шығулардың жай-күйi, өрт дабылының жұмыс iстеуi, электр құрылғыларының жағдайы және қызметкерлердiң төтенше жағдай кезiндегi iс-әрекеттерiне ерекше мән берген жөн.