СҚО әкiмi Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен облыстық әкiмдiктiң отырысы өттi. Жиында облыс орталығын және елдi-мекендердi көркейту мәселесi талқыланды.
СҚО әкiмiнiң орынбасары Антон Федяевтың айтуынша, биыл көркейту жұмыстарына 1,2 млрд. тг. жұмсалмақ. 4.5 мың шақырымнан аса көшелер, мыңнан аса әлеуметтiк нысандар, 80 мыңнан мың аула, 62 демалыс орны, жағажайлар көркейтiледi.
Биыл көгалдандыруға да басымдық берiлмек. Осы жұмыстың аясында 30 мың ағаш, 93 мың бұта егiледi. 2018 жылы 97 балалар ойын алаңы салынып, қайта қалпына келтiрiледi.
Қаланы жарықтандыру жұмыстары биыл да жалғасын табады. Петропавл әкiмi Марат Тасмағанбетов 9 көшенi жарықтандыруға 1,6 млрд. теңгенiң жұмсалатындығын айтты.
Облыс әкiмi Құмар Ақсақалов көркейту жұмыстары Петропавлдың барлық аудандарын қамтиды дейдi.
«Петропавлдың орталығы ғана емес, бүкiл қаланы көркейтемiз. Бұл форумның өтуiмен байланысты емес, өзiмiздiң күнделiктi iсiмiз. Келесi жылы көрiктендiру жұмыстарына бөлiнетiн қаржыны екi есеге өсiремiз. Бiздiң шаһар әдемi, жасыл, және өмiр сүру үшiн ыңғайлы болу керек. Абаттандыру жұмыстарына аудан орталықтары да мықтап кiрiссiн», — деп атап өттi Құмар Ақсақалов.
2017 жылы апатты жағдайдағы ғимараттарды қалпына келтiру және бұзу жұмыстары жүргiзiлдi. Облыста осындай 1122 нысан болса, былтыр оның 299-ы бұзылды. Биыл тағы 605 ғимарат құлатылады. Былтыр 17 нысан қалпына келтiрiлсе, биыл тағы 58 ғимарат қайта жөндеуден өтедi.