СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов «Серпiн» түлегiне ментор атанады

СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов «Серпiн» түлегiне ментор атанады

Облыс әкiмi Құмар Ақсақалов «Серпiн» бағдарламасы бойынша бiлiм алып жатқан студенттер және түлектермен кездестi. Кездесуге жұмыс берушiлер және оқу орындарының басшылары қатысты. Күн тәртiбiнде «Серпiндiк» түлектердi жұмысқа орналастыру мәселесi.

Жиында өңiр басшысы «Менторлық» жобасының жүзеге асатынын жария еттi. Сөйтiп, Құмар Ақсақалов серпiндiк түлекке «ментор» атанбақ. Облыс әкiмi жас маманға ақыл-кеңес берiп, тәжiрибесiмен бөлiседi. «Серпiн» түлегiнiң жұмысқа орналасуын да аймақ басшысы өз бақылауында ұстамақ. Құмар Ақсақалов мемлекеттiк органдардың басшыларын, бизнесмендердi және кәсiпорындардың директорларын «Серпiннiң» түлектерiне «ментор» болуға шақырды.

Қазiр аталмыш бағдарламаның студенттерi және түлектерi өңiрiмiзде өз отбасыларын құрып жатыр. Солардың бiрi — Мұрсалбек Оңғарбек. Ол биыл оқуын тәмамдап, жұбайы екеуi Уәлиханов ауданына көшiп бармақ. Құмар Ақсақалов отбасын құрған түлектерге мемлекеттiң қолдауы мықты болады деп атап өттi.

«Серпiннiң» студенттерi бiздiң облыста шаңырақ көтерiп, бала туылса бiз тегiн үй салып беремiз. Баспана жоғары әлеуеттi ауылдарда бой көтередi. Осы өңiрде шаңырақ көтерiп, қалу керек. Достарыңа, ағайын-туысқанға осы жаңалықты жеткiзiңiздер», — дедi Құмар Ақсақалов.

Бiздiң облыста «Серпiн» бағдарламасы бойынша 5 облыстан келген 1114 студент бiлiм алуда. Оның 862-i Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ оқиды, 252 студент 5 колледжде бiлiм алуда. Биыл 319 түлек оқуын тәмамдайды. Қазiр 125 адам жұмысқа орналасты, 43 түлек оқуларын одан әрi жалғастырмақ. Облыстық бiлiм басқармасының басшысы Гүлмира Кәрiмованың айтуынша, барлық түлектер жұмыспен қамтылмақ.

Серпiндiк түлектер үшiн мемлекеттен қолдау күштi. Солтүстiк өңiрге келгенi үшiн 84 мың теңге көлемiнде субсидия төленедi. Пәтер жалдау үшiн қалада 48 мың теңге, ал ауылда 36 мың теңге көлемiнде көмекақы төленедi.