Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың өкімімен Тимур Сламжанұлы Сұлтанғазиев облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Тимур Сламжанұлы 1982 жылы туған. Қазақ ұлттық медицина университетін дәрігер, ал интернатураны «жалпы хирургия» мамандығы бойынша тамамдаған. Сондай-ақ, АҚШ-тың Тюлейн университетінде денсаулық сақтау жүйесінің менеджері мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын Алматыдағы қалалық балалар клиникалық ауруханасында мейіргер болып бастаған. 2009 жылы АҚШ-тың Тюлейн университетінде жоғары білімнен кейінгі оқу бойынша профессордың ассистенті болды.
2010 жылы «Республикалық жедел медициналық көмек көрсету ғылыми орталығы» АҚ-да стратегия және маркетинг бөлімінің бас маманы қызметін атқарды.
2010-2013 жылдары «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ-да Инновация және технологиялар трансферті департаментінің менеджері, бас менеджері, директоры болып қызмет етті.
2013-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы медициналық орталығының «Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы» АҚ-ның президенті болды.
2014-2016 жылдары «Медикер» ЖШС-і бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
2016 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» ШЖҚ РМК-ы бас директорының орынбасары болды.
2016 жылдан осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жобаларды басқару департаментінің директоры болып қызмет етті.